Қазақстан ЕАЭО елдерімен өзара сауданың 91 пайызын Ресеймен жасап отыр

2023 жылғы қаңтар-тамызда Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен өзара сауда 18 518,7 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды мәнде 1,2% көбейді, деп хабарлайды Kazinform ұлттық статбюроға сілтеме жасап.

тауар
Фото: Pixabay

2023 жылғы қаңтар-тамызда тауар экспорты 7 050,4 млн АҚШ доллары (20,5% көп), импорт — 11 468,2 млн АҚШ доллары (7,9% аз) деңгейінде қалыптасты.

Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымының жалпы көлеміндегі Армения үлесі — 0,2%, Беларуста — 3,3%, Қырғызстанда — 4,7%, Ресейде — 91,8%.

ЕАЭО елдерімен экспорттағы ең жоғары үлес машина, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттарға тиесілі — 28,2%, одан кейін химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері — 23,7%.

ЕАЭО елдерінен Қазақстанға әкелінетін импорт құрылымында мал және өсімдік өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары басым — 19,7%, металдар мен олардан жасалған бұйымдар үлесі — 19,2%.