Қазақстан ЕҚЫҰ-ны нығайтуға үлес қосуға дайын – Мұрат Нұртілеу

мұрат нұртілеу
Фото: ҚР СІМ

Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын (ЕҚЫҰ) нығайтуға үлес қосуға дайын. Бұл туралы «Орталық Азия – ЕҚЫҰ» Сыртқы істер министрлерінің форумында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Ашхабадтан.

«Бүгінде орын алып отырған сын-тегеуріндер шартты түрде әлемдегі барлық ұлтқа қатысты. Қазақстанға қатысты айтар болсақ, біз теңгерімді, векторлы қызметті жүзеге асыруға тырысамыз. Әрине, БҰҰ хартиясын да, ұлттық заңнаманы да ұстанатындығымыз сөзсіз. 5 жыл бұрын «ұжымдық, жан-жақты, бақыланатын қауіпсіздік» деп аталатын бірегей жүйені қабылдадық. Бүгінде еш шектеусіз ортақ мақсаттарымызды айта аламын. ЕҚЫҰ қазіргі уақытта осынау сын-тегеуріндерді шешуде барынша маңызды, сенімді серіктесімізге айналып отыр. Барлық ұлттың мақсаты мен біздің міндеттемелеріміздің баршасы бостандықтың іргелі ұстанымдарына негізделген. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Еуразиялық өңірде өзінің маңызды үлесін қосып келеді. Орталық Азия ЕҚЫҰ-ымен ынтымақтастықта қауіпсіздіктің нығаюын қамтамасыз етуде маңызды рөлге ие екендігіне сенімдімін. Орталық Азия мен Азия өңірі ЕҚЫҰ-мен және мүше мемлекеттермен бірлесе отырып, көпдеңгейлі қауіпсіздік стратегиясын әзірледі», – деді Мұрат Нұртілеу форум барысында.

ҚР СІМ басшысының айтуынша, аталған құжатта Орталық Азия елдерінің шекарасын қорғау, сауда-саттықты жандандыру, энергетика қауіпсіздігі, демократия мен адам құқықтарын дамыту мәселелері қарастырылған.

«Қазақстан ЕҚЫҰ-ны нығайтуға өз үлесін қосуға, іс басындағы төрағаға одан әрі жәрдем беруге дайын екендігін растайды. ЕҚЫҰ өзге ұйымдардың алдында, ең алдымен, ымыра негізінде шешім қабылдаудағы бірегей әдісімен нақты басымдыққа ие. Мұндай әдіс барлық қатысушы мемлекеттің теңдігіне кепілдік береді. Бұл біздің ұйымымызды қазіргі заманғы проблемаларды шешуде түрлі көзқарастарды білдіретін және біріктіретін бірегей еуразиялық құрылымға айналдырады», – деді министр.

Еске салайық, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу түрікменстандық әріптесінің шақыруымен Ашхабадқа ресми сапармен барғанын жазған болатынбыз.

М.Нұртілеу Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередов өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді».

Соңғы жаңалықтар