Қазақстан экологиялық тиімділік рейтингінде қай елдерден артта қалды

экология
Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан кейінгі жылдары 180 елдің арасында экологиялық тиімділік рейтингінде 93-ші орында тұрақтап, Намбия, Габон және Зимбабве сияқты елдерден артта қалды. Біздің еліміз жасыл желекке бөленген елдер рейтингінде 78 елдің ішінде 72-ші орында. Сенатор Советбек Медебаев өзінің депутаттық сауалында ауаның, судың және топырақтың шамадан тыс ластану проблемаларын жария етті.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған және Теміртаудағы ауа жоғары деңгейде ластанғаны байқалды. Оның бәрі адамдардың өмірі мен денсаулығына теріс әсер етеді.

«Ұлытау облысының Жезқазған және Сәтпаев қалаларында аймақтағы өндіріс орындарында зиянды газдарды сүзуге арналған қондырғыларды жаңарту жұмыстарын дер кезінде жүргізбесе, өңірдің экологиялық жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. Қазіргі кезде Жезқазған өңірінде негізгі су көзі — Кеңгір су қоймасы. Ал судың сапасы онда қанағаттанарлық емес, су класы бойынша IV класс ретінде анықталған. Судың сапасын жақсарту бойынша гидрологиялық жұмыстарды жүргізумен қатар, Үйтас — Айдос жерасты су құбырының құрылысын да жеделдету қажет», — деді С. Медебаев Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.

Сонымен қатар сенатор өндіріс орындарының қалдықтары ашық жерлерде сақталып жатқанын айтты. Қатты тұрмыстық қалдықтардың көп бөлігі еш сұрыптаусыз шығарылып жатыр және ашық полигондар мен қалалық полигондарда жиналған. 

Депутат осыған байланысты жағдайдың ауқымы мен қазақстандықтардың денсаулығына елеулі қатер төнуі мүмкіндігін ескере отырып, өзекті мәселелерді шешу жөнінде бірқатар шараларды ұсынды.

«Қауіпті қалдықтар мен қоқыстардың мөлшерін азайту мақсатында әлемдік экологиялық стандарттарға сәйкес экожүйе енгізу жолдарын қарастыру қажет. Қалдықтарды, оның ішінде құрылыс қалдықтарын жинауға арналмаған жерлерде заңсыз тасымалдау және шығару фактілерін анықтау мақсатында тексеру және өзге де шаралар атқару арқылы мемлекеттік бақылауды күшейту қажет. Жергілікті және орталық атқарушы органдар бірлесіп аудандық, қалалық және ауылдық елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, оның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау, тамақ және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу жөнінде инфрақұрылым құру мәселесін қарастыруы маңызды», — деп атап өтті Советбек Медебаев.

Соңғы жаңалықтар