Қазақстан Экономикалық еркіндік рейтингінде позициясын арттыруды жалғастыруда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтан экономикалық еркіндік бойынша халықаралық рейтингте көрсеткішін жақсартып келеді. The Heritage Foundation  талдау агенттігі жыл сайын жүргізетін зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, Орталық Азия елі 41-орыннан көрінген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақстан Экономикалық еркіндік рейтингінде позициясын арттыруды жалғастыруда

Қазақстан 100 ұпайдың 69,1-ін жинап, Ресей (107 орын) мен Қытай (110 орын) секілді көршілерін артта қалдырған. Біздің елімізге жақын орындардан Ямайка (40 орын) мен Колумбия (42 орын) көрініп отыр.

Бірнеше жыл бұрын ғана біздің еліміз ТОП-50 қатарынан көрінбей, тек 69-орында тұрған еді.

The Heritage Foundation рейтингінде мемлекеттердің экономикасы 10 негізгі талап бойынша бағаланады. Нақтырақ айтқанда, бизнес еркіндігі, сауда еркіндігі, сыбайлас жемқорлықтан дербестік, еңбек нарығының икемділігі және тағы басқа талаптар бар.

Рейтингті әзірлеушілердің айтуынша, Қазақстан өз кезегінде инвестициялардың еркіндігі мен үкімет беріп отырған еркіндіктің арқасында көрсеткішін жақсарта түскен.

Сонымен бірге, Қазақстанның Азия-Тынық мұхит аймағына енетін 43 мемлекеттің ішінде 11-ші орыннан көрініп отырғаны ерекше аталып өткен. Қазақстанның экономикалық еркіндігінің индексі аймақтың орташа деңгейі мен әлемдік деңгейден жоғары тұр.

Биыл The Heritage Foundation осымен 24-ші мәрте Гонконгты әлемдегі экономикасы ең еркін аумақ деп атады.Екінші орында Сингапур тұр. Көшбасшылардың үштігін Жаңа Зеландия түйіндейді.

Әлемдегі экономикасы ең еркін елдердің ондығына Швейцария, Австралия, Ирландия, Эстония, Ұлыбритания, Канада және БАӘ енген.