Қазақстан экономиканы қолдау үшін 105 млрд йен алатын болды

Азаматтарға «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан бас тарту құқығы беріледі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы және «Қазақстан мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы келіп түсті. Осы екі құжат бойынша жалпы қарыз көлемі 105 млрд йенді құрайды.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы, депутат Татьяна Савельеваның айтуынша, бірінші заң жобасы 2024 жылғы 23 қазанда Парламент Мәжілісіне Үкіметтің қаулысымен енгізілді.

«Қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 21 тамызда Астана қаласында қол қойылды. Азия Даму Банкі қарызы Қазақстанға 52,3 млрд йен сомасында ұсынылады. Қарызды жабу мерзімі 15 жылға есептелген, оның ішінде жеңілдікті кезең 2027 жылдың 1 маусымына дейін жалғасады. Қарыз қаражаты жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген көлемі шегінде ел экономикасының тұрақтылығын қолдау үшін тартылады. Сондықтан Қаржы және бюджет комитеті бұл заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Ал екінші құжат та 2023 жылғы 23 қазанда Парламент Мәжілісіне Үкіметтің қаулысымен енгізілді. Қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 21 тамызда Астанада қол қойылды.

«Бұл тұрғыда Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінің қарызы Қазақстанға 52,7 млрд йен сомасында беріледі. Оны өтеу мерзімі 15 жылға жалғасады. Атап айтқанда, бұл қаражат жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығының тиісті көлемі аясында экономика тұрақтылығын қолдау үшін тартылады», - деді Татьяна Савельева.

Соңғы жаңалықтар
telegram