Қазақстан экономикасы 3 айда 5,8% өсім көрсетті – Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдыру шешімінің себептерін түсіндіре отырып, осындай мәлімет айтты.

Тимур Сүлейменов
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— 1-тоқсандағы жедел мәліметтерге сәйкес, экономиканың өсімі 5,8% болды. Ішкі сұраныспен байланысты секторлар, яғни көлік, құрылыс және сауда секторлары жоғары қарқынмен өсіп отыр. Өңдеу және тау-кен өнеркәсібінде де іскерлік белсенділік артып келеді. Ішкі сұранысқа халық табысының бірқалыпты өсуі, тұтынушылық кредиттеу және инвестициялық жобаларды іске асыру қолдау көрсетті, — деді ол.

Тимур Сүлейменов елде тұтынушылық сұраныс 2024 жылдың күзіндегі деңгейден біршама бәсеңдегенін атап өтті.

— 2024 жылдың соңында шектен тыс өскен тұтынушылық сұраныс 2025 жылдың басында бұрынғы көрсеткіштерге қайта оралды. Тұтынушылық сұраныстың қалпына келуін бөлшек сауда айналымының және ірі сатып алу көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуінен көруге болады. Мысалы, ақпанда бөлшек сауда көлемі 5,1%-ке өсті, ал өткен жылғы қазанда ол 19,3%-ке дейін жеткен болатын. Халық арасында өткізілген сауалнамаға сәйкес соңғы 3 айда ірі көлемде сауда жасаған респонденттердің үлесі қазандағы 27,3%-тен наурызда 19,9%-ке дейін азайды. Қайталап айта кетейін, бұл — тұтынушылық сұраныс қалыпқа түсіп келе жатқанының белгісі, — деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлеме туралы жаңа шешім қабылдады. 

Соңғы жаңалықтар