Қазақстан экономикасының 2023 жылғы басты жаңалығы қандай – сарапшы пікірі

Өткен жылы Қазақстан экономикасы энергетикалық дағдарыс, күрделі геосаяси жағдайлар және жеткізу тізбегінің үзілуі секілді бірқатар қиындыққа тап болды. Салдарынан жылдық инфляция 20 пайыздан асты. 2023 жылы Ұлттық банк бірқатар шара қабылдауға мәжбүр болды және нәтижесі жаман емес. Экономика сарапшысы Арман Байғанов Kazinform тілшісімен сұхбатында Қазақстан экономикасындағы биылғы негізгі өзгерістер туралы пікір білдірді.

экономика
Фото: Мұхтор Холдорбеков/Kazinform

Қазақстан экономикасының биылғы басты жетістігі – инфляция қарқынының бәсеңдеуі. Бүгінде инфляция деңгейі 10,3 % құраса, өткен жылы жылдық инфляция деңгейі 21,3 %-ға жеткен, – деді Арман Байғанов.

Оның айтуынша, цифрлық валютаның енгізілуін де жетістік деп санауға болады.

Қазір цифрландыру белсенді жүріп жатыр, бұл ақша-несие қатынастарына жақсы әсер етеді. Биыл Ұлттық банк цифрлық валютаны таныстырды. Менің ойымша, ерте ме, кеш пе, қазақстандықтарға цифрлық валютаны пайдалану ыңғайлырақ болады. Бұл сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың қарқынын төмендетеді, – деп атап өтті сарапшы.

Жалпы, экономикадағы жетістіктерді оның өсу қарқынымен бағалауға болады.

1 желтоқсандағы экономикалық өсім 4,9 пайызды құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3 пайызға да жетпейтін. Бұл ретте жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің орташа өсімі өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға жоғары, – деп толықтырды Арман Байғанов.

Айта кетейік, бұған дейін Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының өсімін 4,3%-ға жетеді деген болжам жасаған.