Қазақстан экономикасы 2010 жылы жоғары өсім көрсетеді - "Тройка Диалог" сарапшылары
АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Мұнай бағасы барреліне 60 доллардан төмендемесе, биылғы жылы Қазақстанның экономикасы 4-5 пайыздан жоғары өсім көрсетуі тиіс.
Бүгін Алматыда «Қазақстан. Стратегия. Қытайға бағдар ұстау» атты талдауды жария еткен «Тройка Диалог» компаниясының сарапшылары биылғы жылға осындай болжам айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ал баға 60 доллардан төмен болса, онда экономикалық өсім биылғы деңгейде болуы мүмкін. Сарапшылар мұнай бағасының қандай деңгейде болатынын нақ басып болжау қиын, алайда біз биыл 70 доллар көлемінде болады деген ұстанымдамыз, дейді. Сондықтан биылғы жылы Қазақстан экономикасында жоғары өсім болуы тиіс.
«Тройка Диалог» сарапшылары жалпы алғанда биылғы жылы, сондай-ақ таяу болашақта Қазақстан экономикасына теріс әсер болмауы тиіс дейді. Өйткені Қазақстан алдағы 10 жылда өндіру көлемін 2 есеге ұлғайтпақ. Сондай-ақ шикізаттың молдығы да бұған оң әсер етеді. «Қазақстан аумағында дүниежүзі халқының бар-жоғы 0,2 пайызы өмір сүрсе, әлемдік шикізат қорының шамамен 3 пайызы шоғырланған. Елдегі пайдалы қазбалар құны шамамен әр адамға шаққанда 300 мың долларға тең. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі: Ресей, Австрияға қарағанда 2 есеге көп», дейді компанияның аға сарапшысы Кингсмилл Бонд. Ол шамадан тыс сыртқы қарыз бен Қазақстанның тұрғын үй құрылыс нарығында 2003-2007 жылдары пайда болған «көпіршіктер» экономиканың өсуін тежегенін айтады. Алайда, бұл жерде тағы мұнай көмекке келеді. Егер мұнай бағасы 60 доллардан құлдырамаса, қарыз бен тұрғын үй саласындағы «көпіршік» экономикаға қиын емес. Компанияның тағы бір сарапшысы Андрей Кузнецов мұнай бағасының құбылмалылығы Қазақстан экономикасы үшін тәуекел факторының бірі болып қала береді. Бұнымен қатар Қазақстан үшін экономикадағы басты тәуекелдің бірі геосаяси бағытта Азиядағы даулы аймақтарға жақын болуы. «Алайда бұлар жақын арада басты қатер емес», дейді сарапшы.