Қазақстан экономикасы құрылымында қолма-қол операциялар санын қысқарту қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан экономикасы құрылымында қолма-қол операциялар санын қысқарту қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Біздерге қолма-қол ақша айналымы, қолма-қол операциялар санын қысқарту қажет», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Е.Досаевтың айтуынша, бүгінгі таңда экономика құрылымындағы қолма-қол ақша айналымы шамамен жетпіс пайызға жетіп отыр. «Бұл дұрыс емес. Біз қазіргі шараларды түсінеміз. Өйткені, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу - ашық есеп айырысу, несие картасы арқылы қызмет көрсету - ол өркениетті экономиканың негізі. Мен мұны қолдаймын», - деді ол.