Қазақстан экономикасы жыл қорытындысында 2,5 пайыз өсім көрсете ала ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 2,5 пайыз өсім көрсетуі үшін жұмыс істеуіміз қажет. 

Қазақстан экономикасы жыл қорытындысында 2,5 пайыз өсім көрсете ала ма

Бұл жайында бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейінгі брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірінші тоқсанның позитивті цифрлары өсімнің арта түсетіндігі жайында ойлануымызға түрткі болып отыр. Дегенмен, өткен жылдағы ІЖӨ өсімінің динамикасына назар аудартқым келеді. Өткен жылы дәл осы кезеңде құлдырау орын алды және соған сәйкес, төмен база әсері болды. Сондықтан бұл тоқсан нәтижесі 2,5 пайыздық өсімнің жыл бойы 100 пайыз  қамтамасыз етілетіндігін білдіреді деу қиын», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сондықтан да министрдің атап өтуінше, ағымдағы жылдың қорытындысында еліміздің ішкі жалпы өсімі 1 пайыз болады деп белгіленген.

«Меніңше, жалпы макроболжамдар мен салалық болжамдарды қайта қарастыру үшін дәл қазіргі уақытта объективті алғышарт жоқ. Дегенмен, жартыжылдықтың қорытындысындағы статистикалар, деректерді және сол уақытта қалыптасатын  ішкі және сыртқы трендтерді ескере келе біз бұл мәселеге қайта оралатын боламыз. Ал әзірше 2,5 пайызды бағдарға алып, оған қол жеткізу үшін жұмыс істеуіміз қажет», - деді Сүлейменов.

Айта кетейік, Үкімет отырысында Тимур Сүлейменов  2017 жылғы І тоқсанда елдегі ІЖӨ 3 пайызға өскенін мәлім етті. Экономика өсімінің қозғаушы күші  өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы және сауда болғандығын айтты. Мәселен, өнеркәсіп көлемі 5,8, ауыл шаруашылығы 2,9, құрылыс жұмыстарының ауқымы 7,1, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 25,3 пайызға өскен.

«Ауыл шаруашылығындағы, өңдеу өнеркәсібіндегі, оның ішінде тамақ өнімдері өндірісіндегі, химия өнеркәсібіндегі инвестициялардың ұлғаюы байқалғанын атап өту қажет», - деді министр.