Қазақстан экономикасына құйылатын тікелей шетел инвестициясы қашан артады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022-2023 жылдары Қазақстан экономикасына құйылатын тікелей шетел инвестициясының көлемі артады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің болжамымызша, тікелей шетел инвестициясының құйылу қарқынының пандемияға дейінгі деңгейге оралуы 2022-2023 жылдардың түйісінде орын алады. Статистикаға сәйкес, 2020 жылғы тікелей шетел инвестициясының 90 пайызы 14 елге тиесілі болды. Олар: Еуропалық одақ елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері. Ал өзге елдерге тікелей шетел инвестицияның қалған бөлігі тиесілі», - деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өтуінше, осыған орай еліміздің Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық өкілдіктеріміз бар елдердің инвестициялық әлеуетін пайдалануға бағытталған қарқынды жұмысты қолға алмақ.