Қазақстан экономикасының өсуі осы жылдың I тоқсанында 4,9%-ды құрады - Үкімет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан экономикасының өсуі осы жылдың I тоқсанында 4,9%-ды құрады. Бұл туралы елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда ұлттық экономика қолайсыз сыртқы жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолына шығып отыр. Әлемдегі санкциялық текетірестің күшеюі, логистка жүйесінің бұзылуы, жоғары инфляция, әсіресе азық-түлік тауарларына бағаның өсуі жаһандық экономиканың баяулауына елеулі әсер етті», - деді Ә. Смайылов.

Үкімет басшысы сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, 2022 жылы экономикамыздың нақты өсуі 3,2%-ды құрағанын еске салды. Елімізге 28 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 18% өсім қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі 8%-ға ұлғайды. Сыртқы сауда айналымы 32%-ға өсіп, 134 млрд долларды құрады.

Оның айтуынша, жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27%-ға артып, 1,8 млн-нан асса, осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13%-ға өсіп, 3,9 млн адамға жетті. Нәтижесінде экономикадағы ШОБ үлесі қазірдің өзінде 36%-ды құрады (бір жыл бұрын 33,5%).

Үкімет басшысы биыл қабылданған шаралар экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Мәселен, қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика қалыптасып отыр: құрылыста – 16%, саудада – 12%, көлік саласында – 8%, өңдеу өнеркәсібінде – 5,4% өсім тіркелді», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі үш айда 16%-ға, ал мемлекеттік бюджет кірісі 24%-ға артты. Бұл өз кезегінде, биылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға қосымша 2,2 трлн теңге бөлуге мүмкіндік берді.


Соңғы жаңалықтар