Қазақстан экспорты импорттан төрт есе жоғары қарқынмен өсті – шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

2026 жылдың 9 айындағы Қазақстанның сыртқы саудасына шолу
Фото: parstoday.ir

Түркі әлемінің тарихи географиясы цифрлық ортаға көшірілді – TRT

Түркі әлемінің тарихи географиясы цифрлық форматқа көшірілді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты жүзеге асырған «Орталық Азияның тарихи географиясы» жобасы аясында XI–XIX ғасырларға тиесілі 172 тарихи карта анықталып, жүйеленді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы. 

Түркі әлемінің тарихи географиясы цифрлық ортаға көшірілді – TRT
Фото: trtkazakh.

«TRT»-ның дерегінше, үш жылдық зерттеу нәтижесінде қазақ және ағылшын тілдерінде интерактивті цифрлық платформа әзірленді. Онда Түркістан өңірінің тарихи-саяси географиясы, 40-қа жуық мемлекет пен саяси құрылымның шекаралары, тарихи карталар, көне қалалар мен керуен жолдары қамтылған. Сонымен қатар зерттеу барысында 1542 жылы неміс картографы Антон Вид әзірлеген картадан «Қазақ хандығы» атауының еуропалық картографияда алғаш рет «Kosaky Orda» түрінде көрсетілгені анықталды.

Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Жасанды интеллектінің ең озық модельдері көпшілікке ұсынылмауы мүмкін» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Жасанды интеллектінің ең озық модельдері көпшілікке ұсынылмауы мүмкін
Фото: trtkazakh.com

Anthropic пен OpenAI компаниялары көпшілікке ұсынылмаған, әлдеқайда жетілдірілген жасанды интеллект модельдерін әзірлеген. 

Түркиялық БАҚ-тың Axios басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, аталған жүйелер математика, ғылым, киберқауіпсіздік және ғылыми зерттеулер салаларында жоғары ой қорыту қабілетіне ие болғанымен, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жұмысын бақылау мәселелері алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған байланысты компаниялар мен жасанды интеллект зерттеушілері ең озық модельдерді көпшілікке ұсынбай, тек ішкі мақсатта пайдалану немесе жаңа жүйелерді оқытуды уақытша тоқтату мүмкіндігін талқылауда. Мамандардың пікірінше, жасанды интеллектінің қабілеті одан әрі артып, адамнан озық деңгейге жеткен жағдайда, оның әрекетін бақылау күрделеніп, қазіргі қауіпсіздік тетіктері жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондай-ақ кейбір жетілдірілген модельдердің адам бақылаушыларын сендіру үшін өз ой қорыту үдерісі туралы жаңылыстыратын түсініктеме беру қаупі де айтылып отыр.

Ұлттық дәстүрлерді сақтау мен мәдени ерекшелікке құрмет — өзара түсіністіктің негізі – Eurasia Today

Ұлттық дәстүрлерді сақтау мен мәдени ерекшеліктерге құрметпен қарау халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың маңызды негізі. 

Еуразия Тудейдің ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов 20–22 қарашада Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Өркениеттер диалогы форумында мәлімдеді. 

Ұлттық дәстүрлерді сақтау мен мәдени ерекшелікке құрмет — өзара түсіністіктің негізі
Фото: eurasiatoday.ru

Оның айтуынша, Қазақстан ШЫҰ аясында ұлттық өнер мен мәдени мұраны халықаралық деңгейде танытуға, музей және театр салаларында тәжірибе алмасуға, бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға басымдық береді. Сонымен қатар жас өнерпаздар мен креативті индустрияны қолдау, мәдени мұраны цифрландыру мәселелері де ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының қатарында. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің музей қорларын бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіру бастамасын ұсынған болатын.

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы өткізу бекеті қайта ашылды – ӨзА 

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы – Ғишткуприк» өткізу бекетінің жаңғыртылған кешені пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне екі елдің ресми делегациялары, оның ішінде Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев қатысты. 

Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді. 

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы өткізу бекеті қайта ашылды
Фото: ӨзА

Хабарламада айтылуынша, жаңғырту нәтижесінде бекеттің аумағы 6 гектардан 9 гектарға дейін кеңейтіліп, заманауи кедендік бақылау жүйелері орнатылды. Енді өткізу бекеті тәулігіне 100 мың адамға, 3 мың жеңіл автокөлікке және 400 автобусқа дейін қызмет көрсете алады. Сонымен қатар «Smart Customs Border» жүйесі енгізіліп, жолаушылар мен көлік құралдарын тексеру үдерісін жеделдетуге мүмкіндік жасалды.

Жаңа инфрақұрылым екі ел арасындағы туристік ағынды, сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстарды дамытуға бағытталған. Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда көлемі 4,4 млрд долларға жеткен.

Сонымен қатар осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы жаһандық науқан басталды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

Өзбекстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы жаһандық науқан басталды
Фото: ӨзА

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Өзбекстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік күрес» жаһандық науқаны басталды. Науқан 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күнінен 10 желтоқсан – Адам құқықтары күніне дейін жалғасады. Оның ресми ашылу рәсімі Өзбекстан Олий Мажлис Сенатында БҰҰ құрылымдары мен республикалық комиссияның бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.

Жиында әйелдердің құқықтарын қорғау, зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ құқық бұзушылардың жауапкершілігін күшейту мәселелері талқыланды. Науқан аясында елдің барлық өңірінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар ұйымдастырылады.

Синин қаласынан Қазақстанға 110 контейнерлік жүк жіберілді – «Халық газеті»
Қытайдың Цинхай өлкесінен Қазақстанға екі жүк пойызы жөнелтілді. «Халық газетінің» хабарлауынша, 23 және 24 қарашада Синин қаласындағы кешенді кедендік аймақтан жолға шыққан пойыздарға жалпы құны шамамен 30 млн юань болатын 110 стандартты контейнерлік жүк тиелген. 

Оның ішінде KD автомобиль бөлшектері, күнделікті тұтыну тауарлары және басқа да өнімдер бар. Бұл жүк тасымалы Цинхай өлкесінде тауарларды шоғырландыру, кедендік рәсімдерді жергілікті жерде жүргізу және Қазақстанға тікелей экспорттау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жаңа логистикалық бағыт Қытайдың Орталық Азия нарығымен сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге және өңірлік экспорт әлеуетін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Астанаға Қытайдың алғашқы NCD конвенциясы аясындағы жүк пойызы бет алды» деген ақпарат жарияланды. 

Ляньюньганнан Астанаға Цзянсудағы NCD конвенциясы бойынша алғашқы халықаралық жүкқұжат пойызы жөнелтілді
Фото: kaz.people

Қытайдың Ляньюньган портынан Астанаға агрохимиялық өнімдер тиелген алғашқы халықаралық жүкқұжат пойызы жолға шықты. 

«Халық газетінің» хабарлауынша, 23 қарашада жөнелтілген пойызға құны шамамен 24 млн юань болатын агрохимикаттар тиелген. Бұл тасымалдың ерекшелігі – онда алғаш рет CIFA халықаралық жүкқұжаты қолданылып, Цзянсу банкі экспорттық операцияға қаржылық қызмет көрсеткен. Жаңа жүйе логистика, құжат айналымы және қаржы операцияларын бір арнаға біріктіруге мүмкіндік береді. Аталған жоба Цзянсу өлкесінде БҰҰ-ның Келісілетін жүк құжаттары туралы конвенциясы аясында алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Бұл Ляньюньган халықаралық жүк пойыздарының мультимодальды тасымал жүйесін жетілдірудегі маңызды қадам саналады.

Баян-Өлгий бизнестің тиімділігі бойынша үздік бестіктің қатарына енді – Janadauir

Моңғолияның аймақтар бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі 2026 жылғы есебінде Баян-Өлгий аймағы бизнестің тиімділігі көрсеткіші бойынша бесінші орынға тұрақтады. Аталған бағытта аймақ 76,77 ұпай жинады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, бұл көрсеткіш бойынша Дархан-Уул аймағы 100 ұпаймен бірінші орынға шықса, Сэлэнгэ 92,4 ұпаймен екінші, Дорноговь 91,7 ұпаймен үшінші орынға жайғасты, деп жазады Janadauir басылымы. 

Бизнестің тиімділігі көрсеткіші бойынша аймағымыз 5-орынды иеленді
Фото: janadauir.com

Моңғолиялық БАҚ-тың мәліметінше, бизнестің тиімділігін бағалау барысында еңбек нарығының жағдайы, еңбек өнімділігі, қаржы саласы және басқару тәжірибесінің деңгейі ескерілген.

Экономикалық саясат және бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы әзірлеген есепте Моңғолияның 21 аймағы төрт негізгі бағыт бойынша бағаланған. Олар – экономикалық әлеует, мемлекеттік басқару тиімділігі, бизнестің тиімділігі және инфрақұрылымның даму деңгейі. Жалпы қорытынды бойынша Баян-Өлгий аймағы 66,55 ұпаймен 10-орынды иеленді. Ал мемлекеттік басқару тиімділігі бойынша 58,84 ұпаймен 13-орынға, инфрақұрылым көрсеткіші бойынша 66,46 ұпаймен жетінші орынға тұрақтады. Зерттеудің мақсаты – аймақтардың даму деңгейін салыстырып, олардың әлеуеті мен әлсіз тұстарын анықтау және өңірлік даму саясатын жетілдіруге қажетті мәліметтер ұсыну.

Қазақстан экспорты импорттан төрт есе жоғары қарқынмен өсті – ParsToday

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2026 жылдың тоғыз айында 116,8 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға жоғары. Қаңтар-қыркүйек айларында ел экспорты 18,1 пайызға өсіп, 68,4 млрд долларды құраса, импорт көлемі 4 пайызға артып, 48,4 млрд долларға жетті. Нәтижесінде Қазақстанның сыртқы сауда балансының оң сальдосы шамамен 20 млрд доллар болды. Экспорт өсімі импорт өсімінен төрт еседен астам жоғары көрсеткішке жетті.

Бұл туралы осы аптада ParsToday Астана қаласындағы «Фарс» ақпарат агенттігінің тілшісіне сілтеме жасап хабарлады. 

2026 жылдың 9 айындағы Қазақстанның сыртқы саудасына шолу
Фото: parstoday.ir

Ирандық БАҚ-тың мәліметінше, Қазақстан экспортының негізгі бөлігін дәстүрлі түрде шикі мұнай мен мұнай өнімдері құрап, олардың үлесі жалпы экспорт көлемінің 49,3 пайызына тең болды. Сондай-ақ тазартылған мыс пен мыс қорытпаларының үлесі 6,4 пайызды, радиоактивті химиялық элементтер мен изотоптар 5,4 пайызды, мыс кендері мен концентраттары 4,3 пайызды, ал ферроқорытпалар 2,4 пайызды құрады.

Қазақстан өнімдерін ең көп импорттаған елдердің қатарында Қытай 17,9 пайыздық үлеспен бірінші орынға шықса, Италия 17,6 пайызбен екінші орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның сыртқы сауда байланыстарында аталған мемлекеттердің маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.

Сонымен қатар осы аптада «ParsToday»-де «ЕО мен Орталық Азия өңірлік қауіпсіздік пен көлік дәліздерін талқылайды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасында қауіпсіздік және көлік дәліздерін дамыту мәселелері талқыланады
Фото: parstoday.ir

ParsToday Бішкек қаласындағы «Фарс» ақпарат агенттігінің тілшісіне сілтеме жасап хабарлауынша, Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері өңірлік қауіпсіздік пен көлік-логистикалық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылайды. Кездесу Еуропалық одақтың Сыртқы істер кеңесінің отырысы аясында өтіп, оған ЕО-ға мүше 27 елдің сыртқы істер министрлерімен қатар Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Қара теңіз аймағы елдерінің өкілдері қатысады деп жоспарланған.

ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калластың айтуынша, келіссөздер барысында Қара теңіздегі қауіпсіздік, көлік дәліздерін нығайту, энергетикалық ресурстар мен жеткізу бағыттарын әртараптандыру, сауда және цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралады. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ерекше назар аударылады. Тараптар өңірлік байланыстарды кеңейту және өзара ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін талқыламақ.