Қазақстан экспорттайтын қызметтердің көлемі рекорд көрсетіп, 24,9 млрд долларға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы Қазақстан экспорттаған қызметтердің ақшаға шаққандағы көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 8,2% өсіп, 24,9 млрд долларға жетті. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, бұл – тарихи көрсеткіш.

- Экспортталған қызметтердің басым бағыты көлік қызметтері (47%), сапарлар (21%) және қаржы қызметтері (8%) болды. Оның ішінде қаржы және сақтандыру қызметтерінің экспорт көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 123,9 млн долларға (+12%) өсіп,1,2 млрд теңгеге жетті.
Қызметтер импортында сыртқы сапарлар мен сауда қызметтерінің, кәсіби және консультациялық қызметтердің үстемдігі сақталып отыр. Аталған қызмет түрлерінің импорттағы жиынтық үлесі 74% болды, - деп жазылған қауымдастықтың ресми сайтында.
Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары сыртқы сапарлардың көлемі ақшаға шаққанда 521 млн долларға өскенін айтып отыр. Яғни, шетелде демалушы туристердің саны арта түскен немесе іскерлік мәселемен, білім алу мақсатымен сапарлау көлемі артқан.
- Қазақстаннан өзге елдерге қатынайтын әуе рейстерінің көбеюі мен шетелге жасалатын сапарлар құнының артуы, ішкі туризм инфрақұрылымының сапасы да бұл өсімге қосымша фактор болуы ықтимал, - деп жазылған сараптамада.
Ал телекоммуникация, компьютер және ақпараттық технологиялар қызметінің импорты 2023 жылғыдан 20% немесе 151,6 млн долларға қысқарған. Сондай-ақ, көлік қызметтерінің импорты 3,8% немесе 131,4 млн долларға кеміген. Қауымдастық мамандары мұны логистикалық тізбектердің тарылып, сыртқы сауда бағыттарының өзгеруімен байланыстырады.
Еске салсақ, елімізде мал терісі мен жүнін шетелге шығаруға қойылған кедендік баж салығын жою туралы шешім қабылданған болатын.