Қазақстан экспортының көлемі 10 пайызға ұлғайды

АСТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында Қазақстан экспортының көлемі, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 10 пайызға ұлғайды,

Қазақстан экспортының көлемі 10 пайызға ұлғайды

деп хабарлады pm.kz сайты «Kaznex Invest» агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 «Ағымдағы жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Қазақстанда экспорт көлемі 46,8 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2011 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 10 пайызға көп», - делінген хабарламада.

Оның ішінде, өңделген тауарлардың экспорты 22 пайызға артып, 11,7 млрд. долларды құраса, шикізат емес тауарлар экспортының үлесі - 25,05 пайызды құрады.

Өңірлерге жіктейтін болсақ, өңделген экспорттың Еуроодақ елдеріне жөнелтілген үлесі - 2,6 млрд. долларды, Қытай Халық Республикасына - 2,1 млрд. долларды, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасына - 1,8 млрд. долларды құрайды. Бұлар - ферроқорытпа, мұнай өнімдері, газ өнімдері, рафинадталған мыс, уран, мырыш сияқты өнімдер.

Айта кету керек, ұнның экспорты 74 пайызға артып, 317 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Экспорт әсіресе, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан сияқты дәстүрлі өткізу нарықтары  бағытында артып отыр.

Сондай-ақ сары фосфор экспорттың көлемі 4 пайызға артқан. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында бұл өнімнің экспорты 84,5 млн. АҚШ долларға жетті. Ал 2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан сары фосфор  экспорттың көлемі бойынша бірінші орынға шыққан болатын.