Қазақстан экстремизм мен радикализмге мәдениет пен діннің диалогын қарсы қойып келеді - Қ. Жақыпов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан экстремизм мен радикализмге мәдениет пен діннің диалогын қарсы қойып келеді.
Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қазақстандық жол: Бірлік. Патриотизм. Реформалар» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің спикері Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда бүкіл әлем экстремизм мен радикализм «бацилласының» қаншалықты қауіпті екенін айтып дабыл қағуда. Бұндай қауіпке Қазақстан мәдениет пен дін арасындағы диалогты, рухани бірлік идеясын қарсы қойып келеді. Мәселен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2013 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 2013-2022 жылдарды Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы ретінде жариялау туралы шешім қабылданды», - деді Қабиболла Жақыпов. Мәжіліс спикерінің сөзіне қарағанда, адами өлшем тұрғысынан алғанда Қазақстан үшін толеранттылық қағидаттары мен кемсітпеушілік принциптері мейлінше маңызды болып табылады. Дәл сондықтан да, Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінде Қазақстан «Жаңа онжылдықтардағы толеранттылық» атты ЕҚЫҰ құжатын әзірлеуге шақырған болатын. Онда әлемнің жетекші діндері, соның ішінде әсіресе ислам мен христиандық арасында ынтымақтастық қағидаттары қамтылуы тиіс еді.