Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше елдердегі сайлауларға қазақстандық бақылаушылардың қатысуына жіті назар аударып отыр - ОСК
sp;АСТАНА. Желтоқсанның 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі қарсаңында біздің ел, аталмыш ұйымға мүше елдердегі сайлауларды бақылау жөніндегі миссиялардың құрамына Қазақстан өкілдерінің қысқа және ұзақ мерзімді бақылаушылар ретінде қатыстырылуын қамтамасыз етуге үлкен назар бөліп отыр.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен сайлауларға халықаралық бақылау жүргізуге қатысты семинар-тренингте ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде сайлауларға халықаралық бақылау жүргізу сайлау үрдісінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл мемлекеттерді демократиялық сайлаулар мәселесінде өздерінің міндеттерін орындауға ынталандырып, сайлауларға азаматтық қоғамның қатысу үрдісін арттырады, сондай-ақ осы саладағы халықаралық ықпалдастықты дамытады», - деді В.Фоос.
Сондай-ақ ол, қазақстандық бақылаушылардың біліктілік деңгейін арттыру жұмыстарының маңыздылығы мен қажеттілігін түсіне отырып, олар үшін оқыту семинар-тренингтер мен кеңестер жиі ұйымдастырылып, қажетті әдебиеттермен қамтамасыз ету жалғастырылатынын атап өтті.