Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығынан кейін демократиялық үрдістер бағытында үлкен серпіліс жасады - РФ бақылаушысы
АНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығынан кейін демократиялық үрдістер бағытында үлкен серпіліс жасады.
Бүгін, 3 сәуір күні елімізде өтіп жатқан ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты Астанада ұйымдастырылған брифингте ресейлік бақылаушы, Ұлттық стратегиялар институтының халықаралық бағдарламалар директоры Юрий Солобозов осылай атап көрсетті.
«Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығынан кейін демократиялық үрдістер бағытында үлкен серпіліс жасады. Жалпы мемлекет тез үйренетін қабылетке ие. Егер ол Азиаданы өткізсе, бір рет спорт нысандарын салып, содан кейін ұмытып кету үшін емес, отандық қысқы спорт түрлерін мүлдем басқа деңгейге көтеру мақсатында жасалады. Егер Қазақстан зауыт салса, оны әлемнің ең күшті зауыты етіп салады. Бұл біржолғы акция болмайды»,-дейді Ю.Солобозов.
Оның айтуынша, ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеннен кейін, батыс елдері Қазақстанды жаңа сапалы деңгейге көтеріле алған ел ретінде көрді.
«Қазақстан ЕҚЫҰ Саммитін өткізді, сонымен барлығы ұмытылып кетпеді. Біз екі нәтижесін көріп отырмыз. Қазақстандағы демократия деңгейі жаңа биіктікке көтеріліп, демократиялық тұрғыдағы сапалы мемлекетке айналды. Халықаралық қауымдастық Қазақстанды Орталық Азиядағы демократиялық тұрғыдағы басты әріптесі ретінде танып жатыр»,-деді ол.
«Қазақстан - түсінікті, ашық, оған сенім артуға болатын, экономикасына инвестиция салуға тұрарлық, әріптестік орнатуға және оның аумағында ұзақмерзімді жобаларды құруға болатын Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет екендігін білдіреді»,-деп атап көрсетті Ю. Солобозов.