Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында барлық мүшелерді ортақ проблемалар үшін жақындастыра түскісі келеді - Елбасы

А. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында барлық мүшелерді ортақ проблемалар үшін жақындастыра түскісі келеді.  

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында барлық мүшелерді ортақ проблемалар үшін жақындастыра түскісі келеді - Елбасы

Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  республикалық телеарналар бойынша өтіп жатқан тікелей  желідегі сұхбаты барысында мәлім болды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЕҚЫҰ-ның бірқатар мүшелері Қазақстан өңіріндегі жағдайға   сын  көзбен  қарайтыны белгілі. Өйткені  ЕҚЫҰ штабының адам құқықтары жөніндегі жарияланымдарында 177 ескертпе біздің елімізге қатысты болса, Ресейге қатысты 100-ден астам ескертпе жасаған. Әрине, бұны қиғаш кеткендік деп атауға болады. Ал Қазақстанның төрағалыққа сайланғаны біздің еліміз бен ұйым арасындағы өзара түсіністікті көрсетеді. ЕҚЫҰ барлығымызға қажетті ұйым. Қазақстан оның нығаюына мүдделі. Сол үшін де қауіпсіздік, ядролық қарусыздану, жаппай қырып-жою қаруларын қысқарту мәселелері бойынша, Ауғанстан проблемалары мен жаңа қауіптер проблемасына Қазақстан белсенді араласады», деді Н. Назарбаев. 

Сонымен бірге, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында Қазақстанда орын алып отырған экологиялық мәселелерге де назар аударылатынын айтқан Елбасы, бұл ретте ядролық полигон мен Арал теңізінің проблемасы да қозғалатынын атап өтті. «Жалпы, біз осы тұрғыда барлық ЕҚЫҰ мүшелерін жақындастыра түскіміз келеді. Сондықтан да, мен 2010 жылы ЕҚЫҰ қатысушы мемлекет басшыларының саммитін өткізу туралы бастама көтеріп отырмын. 1999 жылдан бері бұндай саммит өтпепті. Сондықтан да, ең болмағанда ЕҚЫҰ мемлекет басшылары қазіргі жағдайды бағалап, болашақтағы жоспарларды біріге әзірлеу керек», деді Н. Назарбаев.