Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалықта қарусыздану жөніндегі халықаралық деңгейдегі құжат талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді - СІМ
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әскери-саяси бағыттағы қызметі бойынша Қазақстан 2010 жылы «Корф» процесі бойынша атқарылған шараларды жалғастырады.
Яғни Қазақстан еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған құрылымды, нақты мақсаттарды көздейтін диалог қалыптастыруға үлкен маңыз бергелі отыр. Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қызметін дамытудағы рөлі» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Сыртқы істер министрлігінің ЕҚЫҰ департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның пікірінше, аталмыш процестің аралық қорытындысы Еуроатлантика және Еуразия аймағындағы жүзеге асырылған мәселелерге қалың көпшіліктің разы еместігін анықтады. «Ал Қазақстан бұл мәселеде сөзден іске басымдық беретін болады. Қазақстан Афиныда қабылданған министрлер декларациясының жүзеге асуын қамтамасыз етіп, қарусыздану жөнінен әлемдегі лидерлердің бірі ретінде құжат талаптарын бұлжытпай орындауға күш салады. Бұған қоса ЕҚЫҰ трансұлтық деңгейдегі қауіп-қатерлермен күресте күш біріктіруі керек деген ойдамын. Ал Ауғанстандағы жағдайды реттеуге келетін болсақ, біз аталмыш мәселені жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестікпен күрес, діни экстремизм мен есірткі саудасына қарсы шығу деп білеміз», деді департамент директоры.