Қазақстан ЕҚЫҰ-ның дамуына үлкен үлес қосты - дөңгелек үстел

АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Астана саммиті ЕҚЫҰ дамуының жаңа беттерін ашады. Бүгін Алматыда өткен «Астанадағы Саммит: гуманитарлық әріптестіктің ұлғаюы» атты дөңгелек үстелде ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтанов осылай айтты.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның дамуына үлкен үлес қосты - дөңгелек үстел


Оның пікірінше, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның дамуына үлкен үлес қосты. "Біздің Елбасының бастамасымен дипломатиялық лексиконға жаңа терминдер қосылды. Егер бұрын ұйым қызметінің еуроатлантикалық бағыты туралы айтып келсек, қазір барлық құжаттарда ЕҚЫҰ-ның еуроатлантикалық және еуразиялық бағыты туралы жазыла бастады»,- деді институт директоры.

Дөңгелек үстелде Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде конфессияаралық, этникааралық толеранттық пен мәдениетаралық диалог, азаматтық қоғамның дамуы сынды адами өлшемдерге басты назар аударғаны айтылды.

Қатысушылардың пікірінше, адами өлшемдердің бұл көрінісі қазіргі кезде қазақстандық үлгі ретінде қалыптасып үлгерді. Осыған байланысты соңғы уақытта толеранттықтың «қазақстандық үлгісі» халықаралық жетекші сарапшылар мен саясаткерлердің қызығушылығын арттырып отыр, дейді сапаршылар.

Шара барысында бұнымен қатар ЕҚЫҰ-ның дамуындағы Қазақстан үлесі, гуманитарлық әріптестік, Астанадағы саммит мәселелері сөз болды.