15:03, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Еуразия құрлығын бейбітшілік пен өзара түсіністіктің ортақ кеңістігіне айналдыруға тырысады - Н. Назарбаев
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағасы ретінде Еуразия құрлығын бейбітшілік пен өзара түсіністіктің ортақ кеңістігіне айналдыруға тырысатын болады. Бүгін Астанада өтіп жатқан Университеттердің еуразиялық қауымдастығының ХІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы еуразиялық қауіпсіздіктің еуропалық бағытын біз ? ЕҚЫҰ-ның қызметімен байланыстырамыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің ел 2010 жылы осы ұйымның төрағалығына дайындалуда. Бұл ұйымға төрағалық жасауға Қазақстанды ТМД елдері бірлесіп ұсынды. Сондықтан, біз үшін бұл құрмет қана емес, зор жауапкершілік. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде жер шарының ең үлкен құрлығын халықтар бейбітшілігінің және өзара түсіністігінің ортақ кеңістігіне айналдыруға тырысатын болады», деді Елбасы. Елбасы бұл жұмысты жүзеге асыруда тек Президенттердің, Үкімет басшыларының күш-жігерлері аздық ететінін, оған мәдени-гуманитарлық саланың білгірлері де белсене атсалысулары тиістігін атап көрсетті.