Қазақстан электролиз зауытынан сұйық алюминийдің бірінші легі жөнелтілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-да сұйық алюминийді құйып жөнелту сәтті жүзеге асты. «Giessenhaus» ЖШС-на жолданған сұйық күйдегі металлдың бірінші легі шамамен бес тоннаны құрады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Қазақстан электролиз зауытынан сұйық алюминийдің бірінші легі жөнелтілді

Бұл туралы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның корпоративтік коммуникациялар қызметі ақпарат таратты.

«ҚЭЗ» АҚ қоспалы алюминий шығаратын кәсіпорынмен ынтымақтастықты өткен жылдың ортасында бастаған. 2017 жылы «Giessenhaus» ЖШС-не 170 тоннадан аса металл жөнелтілді. Бұл кезеңде өнімді жөнелту бастапқы алюминийдің құймасы түрінде жүзеге асқан болатын. Биылғы жылы Павлодар өңіріндегі жаңа кәсіпорынға жөнелтілетін металлды сұйық күйінде құйып жөнелту жоспарланды. Бұл өз кезегінде «Giessenhaus» ЖШС-ке шығаратын өнімінің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.



Сұйық алюминийді тасымалдау үшін ваккумды шөміш технологиясы әзірленді. Ол тасымалдау қашықтығына байланысты металл температурасын сақтайды.

Жаңа кәсіпорын мамандарының сөзінше, металлды жеткізу барысында сұйық алюминий бастапқы температурасынан 20 градусқа салқындайды. Ал, алюминий металының бастапқы кезеңдегі балқыту температурасы Цельсий бойынша 900 градусты құрайды.