Қазақстан электрондық үкіметтің әлемдік рейтингінде 33-орында
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Электрондық үкімет» жүйесі бойынша БҰҰ-ның елдері ішінде Қазақстан 33 орынға табан тіреді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Мемлекет пен ел тұрғындарының арасында мемлекеттік қызметтерді пайдалану тұрғысынан түсіністік орнап келеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 47 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Егер 2014 жылмен салыстырсақ, халық мемлекеттік қызметтердің 10 пайызын ғана электронды түрде ала алатын. Демек, айтарлықтай прогрес көріп отырмыз. Ал «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қызметтердің 24 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Бұдан үш жыл бұрын бұл көрсеткіш бар-жоғы 4,6 пайыз ғана еді. Демек, 5 есе өсім бар», - дейді Алик Шпекбаев Астанада өткен «Түрмелерді тиімді басқару: бас бостандығынан айыру орындарында сыбайлас жемқорлықты жою» ұлттық жиналысында.
Оның айтуынша, осы екі көрсеткішті қоса отырып есептегенде Қазақстанда мемлекеттік қызметті көрсету тұрғысынан сыбайлас жемқорлық жағдайы екі есеге азайған. Өйткені бұл сала Қазақстанның ғана емес, посткеңестік елдердің ішінде өркен жайып тұрған тармағы болатын.
«Үлкен жоспар құрып отырмыз. Электрондық үкімет арқылы көрсетілетін қызметтің көрсеткішін 90 пайызға дейін арттыруды көздейміз. Қабылданған шаралар Қазақстанды Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің арасындағы электрондық үкіметті дамыту индексінде көшбасшы елдердің қатарына қосты. Ол рейтингте 7 орындамыз. Ал БҰҰ бойынша электрондық үкіметті дамыту бойынша 33 орындамыз», - дейді Алик Шпекбаев.
Еске сала кетсек, Астанада PRI (Халықаралық түрме реформасы) ұйымы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, тұңғыш рет «Түрмелерді тиімді басқару: бас бостандығынан айыру орындарында сыбайлас жемқорлықты жою» тақырыбында ұлттық жиналыс өткізген болатын. Жиынға қатысушылар түрмедегі сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері талқылады.