Қазақстан елшілері шетелдік инвесторларды іздеуге белсене кіріспек

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі мен «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы арасында меморандумға қол қойылды. Аталған құжат талаптарына сәйкес қазақстандық дипломаттар ұлттық компания өкілдеріне елімізге шетелдік инвестиция тарту жұмыстарына көмек көрсететін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қазақстан елшілері шетелдік инвесторларды іздеуге белсене кіріспек

«Қазіргі уақытта сыртқы саяси ведомство Үкіметіміздің экономикалық блогымен және «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясымен бірлесіп, ортақ жұмыс бағытын, инвестиция тарту мен қазақстандық өнімді шетелдік нарықта ілгерілетудің жаңа шараларын нақтылауда. СІМ мен «KAZAKH INVEST» арасында қол қойылған өзара түсіністік пен ынтымақтастық меморандумы Қазақстанға тікелей шетел инвестициясын тарту және экспортты ілгерілету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған», - деді қол қою рәсімінен кейін ҚР СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов.

Оның айтуынша, еліміздің сыртқы саясат ведомствосы ұлттық компанияға шетелдік іскер серіктестермен тікелей жұмыс істеуге және шетелдерде сәйкесінше жұмыстар жүргізуге өз септігін тигізетін болады.

«Ол үшін Қазақстанның шетелдік мекемелерінің барлық әлеуеті жұмылдырылады. Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің бірлескен жұмысын күшейтіп, ұлттық компанияның шетелдегі өкілдіктерін ашамыз. Жалпы, әлемнің 90-нан астам мемлекетін қамтимыз», - деді министр.
Өз кезегінде «KAZAKH INVEST» АҚ Басқармасының төрағасы Мақсат Қабашев Қазақстанның шикізат емес секторына инвестиция тартуға баса назар аударылатындығын атап өтті.

«Біз күш-жігеріміз шоғырландырылатын салалар мен елдерді анықтап алдық. Салалар - бұлар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, химия және мұнай химиясы, фармацевтика, машина жасау, ал жұмыс істейтін елдеріміз - Еуропалық Одақ, Түркия, Таяу Шығыс, Қытай, Ресей және АҚШ. СІМ-мен бірге зерттеу жүргізуге уағдаластық. Олар қазіргі уақытта орындалды десек те болады. Инвестор ретінде қызығушылық тудыратын компанияларды айқындап алдық. Шетелдегі өкілдіктер мен елшілердің көмегімен аталған компанияларды Қазақстанда жобалар ашуға шақыратын боламыз», - деді Мақсат Қабашев.