Қазақстан Елшілігі Өзбекстан азаматшасы қаза болған жол-көлік оқиғасына қатысты хабарлама жасады

ТАШКЕНТ. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Расул Бахамов/ – Қазақстан Елшілігінің автокөлігінің қатысуымен маусымның 4-інде Ташкентте орын алған жол-көлік оқиғасына байланысты дипломатиялық өкілдік ресми мәлімдеме жасады,

Қазақстан  Елшілігі   Өзбекстан  азаматшасы   қаза  болған  жол-көлік  оқиғасына  қатысты      хабарлама    жасады
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің сайтына орналастырылған баспасөз-баянында атап көрсетілгендей, «Интернетте маусымның 4-інде Ташкентте қазақстандық дипломат басқарған Елшілік көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы фактін бұрмалаған субъективті мақалалардың пайда болуына байланысты, Елшілік оқиғаның кейбір мән-жайына түсінік беру туралы шешім қабылдап отыр». Маусымның 4-інде «Ниссан-Максима» көлігін басқарған Елшілік дипломаты Ташкент әуежайында «Нүкіс-Ташкент» кешкі рейсімен іссапардан қайтқан Елшілік қызметкерлерін күтіп алған. Дипломаттардың бірінің үйіне бара жатқан жолда жоғарыда айтылған жол-көлік оқиғасы орын алады. «Тойота Прадо» джипімен соқтығысудың салдарынан, Елшілік автокөлігі аударылып, аяқжолмен кетіп бара жатқан үш жаяу жүргіншіні қағып кетеді. Зардап шеккендердің бірінің ауыр жағдайын ескерген Елшілік консулдарының бірі, өзінің жарақатына қарамастан, әлгі әйелді таксимен Ташкенттің Хамза ауданындағы Травматология және ортопедия институтына жеткізіп, дәрігерлерге табыс еткен. Елшілік өкілдерінің өкінішіне орай, әлгі әйел көп ұзамай көз жұмған және осыған байланысты Елшілік қызметкерлері марқұмның туыстары мен жақындарына мезгілсіз қазаға және орны толмас өкінішке байланысты қайғырып көңіл айтады. «Ниссан-Максима» көлігін басқарған қазақстандық дипломат, алдағы уақытта қандай да бір пәлеқорлыққа жол бермеу үшін өз еркімен және Елшіліктің екі дипломатының, екі жол инспекторының, екі дәрігер мен жол-көлік оқиғасына қатысушы екінші тараптың өкілдерінің көз алдында наркологиялық диспансерде екі рет медициналық тексеруден өтті. Дәрігерлердің визуальды бақылауы мен арнайы медициналық жабдықтың тест сынағынан өткен дипломаттың ағзасынан ешқандай алкоголь анықталмаған және бұл жайт куәгерлердің көз алдында жария етілген. Көлік тізгінінде болған дипломат апат салдарынан алған омыртқа жарақатына байланысты қазір реанимация бөлімінде жатыр. «Бұл факті бойынша Өзбекстанның құқық қорғау органдары тексеру жүргізуде». Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде ресейлік агенттіктер, қазақстандық дипломаттардың кінәсі туралы асығыс ақпарат таратып отыр. Құқық қорғау органдары осы жол апаты кезінде соқтығысып қалған екі көлік жүргізушілерінің кінәларының деңгейін әлі анықтаған жоқ.