Қазақстан Елшілігі Өзбекстанда қамауға алынған қазақстандық азаматқа көмектесуде

Бірер күн бұрын қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ-өзбек шекарасындағы «Жібек жолы» шекара бекетінде Қазақстан Республикасының азаматы Ермек Қосмағамбетовтың тұтқындалуы фактісі туралы ақпарат жарияланды.
Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінен мәлім еткендей, үстіміздегі жылдың 17 наурызы күні жоғарыда аталған бекетте шекараны өту кезінде Өзбекстанның кеденшілері Е.Қосмағамбетов пен Ақмарал Шәкірова тұтқындады, А.Шәкірова кейін абақтыдан босатылды. Қазақстан азаматының нетбугында діни-экстремистік сипаттағы файлдардың табылуы оны тұтқындауға себеп болған.
Әдебиеттанушылық сараптаманың қорытындысына сәйкес, нетбукте табылған «Зов к исламской умме. Как долго еще?» атты деректі фильмінде діни фундаментализм идеялары бар. Аталмыш фильмді Өзбестан Республикасының аумағында дайындауға және таратуға тыйым салынған.
Қазіргі уақытта Е.Қосмағамбетов, Ташкент облысы Қибрай аудандық соты ағымдағы жылдың 30 наурызында шығарған үкіміне сәйкес Өзбекстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу абақтысында қамауда отыр. ҚР азаматына 246-баптың 1-тармағы бойынша (діни экстремизмді, сепаратизм мен фундаментализмді насихаттау) қарастырылған қылмысты жасады деген айып тағылып отыр.
Елшіліктен нақтылағандай, Е.Қосмағамбетовтың туыстарына қорғаушыны табу көмегі көрсетілді, сондай-ақ оны ұстау себептері егжейлі-тегжейлі түсіндірілді. Қазіргі уақытта дипломатиялық өкілдік қорғаушымен бірге ұсталған ҚР азаматының әкесіне жан-жақты көмектер көрсетуде.
Келесі аптада қорғаушының Е.Қосмағамбетовпен кездесуі жоспарланған.