10:30, 07 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстан Елшісі Беларус жерінде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 7-сі. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Беларус Республикасындағы Елшісі А.Смирнов осы елде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мәліметтерге қарағанда, Беларус Республикасында 1000-ға тарта қазақ тұрады. Біздің отандастарымыздың көпшілігі Минск, Брест, Гомель, Гродно, Климовичи, Лида, Могилев, Слоним қалаларында және басқа да жерлерде өмір сүріп жатыр. Беларуста 2004 жылы құрылған қазақтардың «Атамекен» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бірлестік жанында «Қарлығаш» балалар шығармашылығы ұжымы ұйымдастырылған.Әңгіме барысында Елші Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, елді одан әрі демократияландыру жөніндегі саяси реформалар, жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы», «Мәдени мұра» және басқа да бағдарламалар туралы әңгімеледі. Қонақтарға сондай-ақ Қазақстанның ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, АӨІСШК ауқымындвағы халықаралық бастамалары туралы ақпарат берілді. Бұдан басқа А.Смирнов Қазақстанның алдағы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және осыған байланысты қабылданған «Еуропаға жол» бағдарламасы тақырыбына тоқталды. Кездесуде әлемдік қаржы дағдарысы және Қазақстанның ұлттық валютасының девальвациясы мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Бұл орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Российская газетада» жарияланған «Дағдарыстан шығу кілті» мақаласында әлемдік экономикадағы жаһандық және аймақтық ауқымдағы болып жатқан үдерістерге талдау жасағаны және дағдарыстың себептері және одан шығудың нақты жолдары түсіндірілгені атап өтілді. А.Смирнов бұл мақала әлемде елеулі пікір туғызды және Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік деңгейдегі көшбасшы екенін тағы да дәлелдеді деп атап көрсетті. Жүздесуге қатысқандар бірқатар қызықты ұсыныстар айтты. Атап айтқанда Беларус жерінде Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан қазақстандықтарды мәңгі есте қалдыру қажеттігі сөз болды. Бұған байланысты А.Смирнов 2008 жылы мамырда Минск қаласында біздің жауынгерлерге арналған ескерткіш белгі ашылғанын еске салды және елшілік бұдан басқа да шараларды ойластырып отырғанын жеткізді. Біздің диаспора Елшіге Қазақстан мен Беларус арасында тікелей әуе қатынасын ашу туралы өтініш жасады. Бұдан басқа оларды қазақстандық азаматтық және оралман мәртебесін алу мәселелері толғандырды. Кездесу соңынде А.Смирнов қазақ диаспорасының өкілдеріне және «Қарлығаш» шығармашылық ұжымына домбыра мен қобызды, ұлттық кәдесыйларды тарту етті. Кездесу жылы шырайлы рәуіште өтті.