Қазақстан Елшісі Монако Князіне сенім грамоталарын тапсырды

МОНАКО. ҚазАқпарат – Қазақстанның Франциядағы және Монакодағы қоса атқарушы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Монако Князі Альбер II-ге сенім грамоталарын табыс етті. Бұл туралы ҚазАқпарат Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан Елшісі Монако Князіне сенім грамоталарын тапсырды

Сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейін өткен сұхбат барысында Елші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, Қазақстанның екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі кеңейтуге және нығайтуға мүдделілігін растады.

Қазақстандық дипломат Монако Князін елдегі ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен таныстырып, Қазақстанның халықаралық бастамалары, атап айтқанда 8-9 маусымда өткен Астана халықаралық форумы туралы айтып берді.


Өз кезегінде Монако Князі Монако мен Қазақстан арасындағы достық пен жемісті ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елді жаңғырту жөніндегі маңызды өзгерістерді іске асыруда, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.