Қазақстан елшісі Рим Папасымен кездесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ватиканда Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жанар Айтжанова жаңа жылға арналған Рим Папасы Францисктің қабылдауына қатысты, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ол Қасиетті тақтың Мемлекеттік хатшысы Кардинал Пьетро Паролин мен Қасиетті тақтың Халықаралық қатынастар бойынша хатшысы Кардинал Пол Ричард Галлахермен кездесті.
Іс-шара барысында Елші Рим Папасы Францискімен кездесу өткізді. Қазақстандық дипломат Рим Папасына Ватиканның Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмеге қатысқаны, сонымен қатар, еліміздің әлемде төзімділік, бейбітшілік пен келісім бастамаларын жан-жақты қолдауы үшін алғыс білдірді.
Понтифик өз Қасиетті Тақтың жанында аккредиттелген дипломатиялық корпустың алдында сөз сөйлеу барысында адам құқықтары, жұмыссыздық, көші-қон, босқындар, сондай-ақ Сирия, Украина, Ирак, Йемен, Ауғанстан, Таяу Шығыс және Африкадағы қақтығыстар туралы атап өтті.
Рим Папасының айтуынша, халықтар арасындағы кез-келген даулар қару-жарақпен емес, келіссөздер арқылы шешілуі тиіс. Осыған орай, Оның Қасиеттілігі бүкіл әлем державаларын Корея түбегіндегі шиеленісті азайтуды және ядролық қаруға қарсы заңнамалық тыйым салу туралы диалогқа қолдау көрсетуді талап етті.
Іссапар шеңберінде отандық Елшісі Пьетро Паролин мен Пол Ричард Галлахермен келіссөздер өткізді. Кездесулер барысында екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен оның болашағы, Ватиканның Съезге қатысуы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі іс-әрекеті және тағы да басқа халықаралық тақырыбтың өзекті мәселелері талқыланды.