Қазақстан Елшісі тәжік министрін елордада өтетін халықаралық форумға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Нұрлан Сейтімов аталған елдің Энергетика және су ресурстары министрі Усмонали Усмонзодамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Елшісі тәжік министрін елордада өтетін халықаралық форумға шақырды

Қазақстан Елшілігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кездесу барысында Тәжікстан мен Қазақстанның су-энергетика саласындағы екіжақты және көпжақты ықпалдастықтығының өзекті мәселелері талқыланды.

«Қазақстан Елшісі сұхбаттасына 2017 жылғы 11-14 маусымда Астана қаласында өтетін Тұрақты даму энергетикасы жөніндегі 8-ші халықаралық форумына қатысу үшін Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қ.Бозымбаевтың шақыруын табыс етті. Нұрлан Сейтімов аталған іс-шараны «Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ҚР Үкіметі  БҰҰ аймақтық комиссияларымен және өзге де халықаралық ұйымдармен бірлесіп өткізетіндігін хабардар етті», - делінген ақпаратта.

Сұхбат соңында қазақстандық дипломат Усмонали Усмонзодаға кездесу үшін алғысын білдіріп, Қазақстан-Тәжікстан қарым-қатынастарын стратегиялық әріптестік рухында нығайту ісіндегі жемісті ынтымақтастыққа дайындығын жеткізді.