Қазақстан Елшісі Үндістан Президентіне сенім грамоталарын табыстады

НЬЮ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат – Бүгін «Раштрапати Бхаван» Президенттік сарайында Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Ерлан Әлімбаев аталмыш елдің басшысы Рам Натх Ковиндке сенім грамоталарын табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Елшісі Үндістан Президентіне сенім грамоталарын табыстады

«Іс-шарадан кейінгі кездесу барысында Президент Р.Ковинд Қазақстан өкілі рәсімді хинди тілінде өткізгені үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтай отырып, екі ел арасында қалыптасқан қарым-қатынастардың сенімді сипатын атап өтті», - деп мәлім етті ҚР Сыртқы істер министрлігінен.

Елші Е.Әлімбаев Үндістан Президентін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауында айтылған ел экономикасын жаңғырту және әлеуметтік саланы жақсарту бойынша Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, тараптар бірқатар өзекті мәселелерді, соның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық жөнінде пікір алмасты.