Қазақстан елшісі Халықаралық теңіз ұйымының өкілімен не туралы сөйлесті
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Әлібек Бақаев Халықаралық теңіз ұйымының (ХТҰ) Бас хатшысы Арсенио Домингеспен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстанның ХТҰ-мен ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Ә.Бақаев Қазақстанның Ұйыммен өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
Каспий теңізінің халықаралық көлік-логистикалық тізбектердің маңызды буыны ретіндегі стратегиялық рөліне ерекше назар аударылды.
Транскаспий халықаралық көлік маршрутының теңіз учаскесін дамыту, Каспий арқылы жүк тасымалдау көлемін ұлғайту, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғырту Орталық Азия, Қытай және Еуропа елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.
Өз кезегінде, ХТҰ Бас хатшысы А.Домингес одан әрі өзара іс-қимылдың кең ауқымды бағыттары бар екенін атап өтіп, Ұйымның Қазақстанға техникалық ынтымақтастық, сондай-ақ халықаралық теңіз стандарттарын имплементациялау және қолдану салаларында қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Кездесу барысында Қара теңіздегі жағдайға да ерекше назар аударылды. Ә.Бақаев сауда кемелерінің, оның ішінде қазақстандық мұнай тасымалдайтын танкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Осыған байланысты Қазақстанның сыртқы сауда мүдделері мен халықаралық энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызды болып табылатын теңіз қатынасы мен теңіз маршруттарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүдделілік білдірілді.
А.Домингес өз кезегінде Қазақстанның ұстанымын қолдап, азаматтық және сауда кемелерінің қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз етудің принципті маңыздылығын атап өтті. Ол ХТҰ бұдан әрі де теңіз қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаттарын сақтау және азаматтық теңіз көлігін қорғау мәселелерінде дәйекті ұстанымын жалғастыратынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруға және Қазақстанның ХТҰ қызметіне қатысуы аясында нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізуге баса назар аударуға уағдаласты.
Халықаралық теңіз ұйымы (ХТҰ) — Біріккен Ұлттар Ұйымының кеме қатынасының қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету, кемелерден теңіз ортасының ластануын болдырмау, сондай-ақ халықаралық теңіз көлігіне қатысты басқа да мәселелер саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды әзірлеуге және жетілдіруге жауапты мамандандырылған мекемесі.
Қазақстан Республикасы ХТҰ-ға 1994 жылдан бері мүше. ХТҰ-мен өзара іс-қимылды кеңейту Қазақстанның халықаралық көлік-логистикалық тізбектердегі рөлінің артуы және Транскаспий халықаралық көлік маршрутының дамуы жағдайында ерекше маңызға ие.
Айта кетейік, Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру бастамасы ШЫҰ саммитінде айтылды.