Қазақстан емханаларында педиатриялық учаскелер қайта жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетуде педиатрлардың рөлі күшейтіледі. Денсаулық сақтау ұйымдарының штат нормативтеріне енгізілген өзгерістер педиатриялық учаскелерді сақтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қажетті мамандар болған жағдайда балалар өз емханасында педиатрдың тұрақты бақылауында бола алады.
Қазақстанда емханалардағы балаларға медициналық көмек көрсету тәртібіне қатысты маңызды өзгеріс енгізілді. Енді балаларға алғашқы медициналық көмекті педиатрлар көрсету мүмкіндігі сақталады.
Бұл үшін денсаулық сақтау ұйымдарындағы педиатриялық учаскелерді сақтауға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді.
Нақты қандай өзгеріс болды?
Бұған дейін қолданыста болған талап бойынша 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін емханалардағы педиатр дәрігерлердің орнын жалпы практика дәрігерлері толық алмастыруы көзделген болатын.
Енді бұл талап алынып тасталды.
Яғни емханаларда балаларға қызмет көрсететін педиатриялық учаскелерді сақтауға және қажетті мамандар болған жағдайда балаларды педиатрларға бекітуге мүмкіндік бар.
Бұл — ата-аналар үшін баласына медициналық көмек алудың үйреншікті әрі түсінікті бағыты сақталады деген сөз.
Бұл бала мен ата-анаға не береді?
Бала тіркелген емханада педиатрдың тұрақты бақылауында бола алады. Дәрігер баланың денсаулығын туғаннан бастап жүйелі түрде қадағалап, оның өсуі мен дамуын бағалайды.
Педиатр баланың дамуындағы ауытқуларды немесе денсаулығындағы мәселелерді ерте анықтап, қажет болған жағдайда қосымша тексеруге немесе бейінді маманға жібереді.
Осының арқасында ата-анаға әр мәселе бойынша қайда жүгіну керектігін түсіну оңайырақ болады: алғашқы медициналық көмек — өз емханасында, қажет болған жағдайда әрі қарайғы тексеру мен емдеу тиісті мамандар арқылы жүргізіледі.
Неліктен педиатр маңызды?
Балалар ағзасының ерекшеліктерін және баланың жасына байланысты даму кезеңдерін педиатр жақсы біледі. Сондықтан баланың денсаулығын тұрақты бақылауда педиатрдың орны ерекше.
Педиатриялық учаскелерді сақтау:
- баланың денсаулығын туғаннан бастап жүйелі бақылауға;
- аурулар мен даму бұзылыстарын ерте анықтауға;
- профилактикалық тексерулерді сапалы жүргізуге;
- қажет болған жағдайда баланы бейінді мамандарға дер кезінде жіберуге;
- медициналық көмекті баланың тұрғылықты жеріне барынша жақын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Педиатрлар саны да артады
Педиатриялық қызметті сақтау үшін тек штат мәселесін шешу жеткіліксіз. Ең бастысы — білікті мамандардың болуы.
Ведомствоның мәліметінше, осыған байланысты мемлекет педиатрларды даярлауды да күшейтіп отыр. Дәрігер-педиатрларды даярлау қолданыстағы оқу бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі.
Бұл болашақта балаларға медициналық көмек көрсететін мамандар санын арттыруға және педиатриялық қызметтің кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Ең бастысы — балаға медициналық көмектің қолжетімді болуы
Енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты — педиатр мен жалпы практика дәрігерінің арасынан таңдау жасау емес, баланың қажетті медициналық көмекті уақытылы және сапалы алуына жағдай жасау.
Министрліктің дерегінше, педиатр учаскесі жұмыс істесе, бала өз емханасында педиатрдың тұрақты бақылауында болады. Ал қосымша диагностика немесе мамандандырылған көмек қажет болса, бала тиісті медициналық ұйымға немесе бейінді маманға жіберіледі.
Осылайша, жаңа өзгерістер балаларға көрсетілетін алғашқы медициналық көмекті күшейтіп, педиатриялық қызметті сақтауға және дамытуға мүмкіндік береді.
Ата-аналар үшін бұл — баланың денсаулығын өз емханасында, педиатрдың тұрақты бақылауымен қадағалау мүмкіндігін сақтау.
Бұйрық жобасы әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де теріс салдарға әкеп соқпайды.
Құжат «Ашық НҚА» порталында 18 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Еске сала кетейік, балалардың денсаулығын сақтау қызметін одан әрі дамыту педиатрлар мен жалпы практика дәрігерлерінің жұмысын үйлестіретін, сонымен қатар педиатриялық учаскелерді сақтауды көздейтін балаларға медициналық көмек көрсетудің гибридті моделін кезең-кезеңімен енгізу негізінде жүзеге асырылып жатқанын жаздық.