Қазақстан еңбек нарығының көрсеткіштерін халықаралық стандарттарға көшіреді - Т. Дүйсенова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан еңбек нарығының көрсеткіштерін халықаралық стандарттарға көшіретін болады. Бұл туралы бүгін Сенатта «Жұмыспен қамту туралы» жаңа заң жобасының таныстырылымы барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
«Біздің алдымызға әлемнің отыз дамыған елінің қатарына ену туралы тапсырма жүктеліп отыр. Сондықтан да, біз осы елдердің халықаралық стандарттарын сатылап енгізуге тиіспіз. Халықаралық еңбек ұйымының қағидаттарына сәйкес, аталған елдерде еңбек нарығын көрсеткіштерін өлшеу біраз өзгеше. Мәселен, біз «экономикалық белсенді халық» дегеннің орнына «жұмыс күші» деп көрсетіледі, сосын жұмыс күшіне кірмейтін тұлғалар жеке көрсетіледі. Қазіргі күні ЭЫДҰ елдерінде экономикалық белсенді халықтың құрамына жалдамалы жұмысшылар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар да кіреді», - деді Т. Дүйсенова.
Оның айтуынша, ЭЫДҰ елдерінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына сатуға шығарылатын өнімдер шығарып, табыс табатындар жатады. Ал өзі пайдалану үшін өнім шығаратын халық «жұмыс күші» құрылымына жатқызылмайды.
«Біз де осы тәсілді қолданатын боламыз. Осылайша, өзі пайдалану үшін өнім шығаратын азаматтар және жұмыс істей алатын, тек жұмысы жоқтығынан жұмысқа орналаспаған немесе жұмыс іздеп жүрген адамдар санаты жұмыссыздар ретінде саналуы тиіс. Мәселен, бұл тұлғаларға бала күтіміне байланысты демалысқа шыққандар, мүгедек баланы қарайтын аналар, үй шаруашылығымен айналысатын адамдар, өзінің жеке қосалқы шаруашылығымен айналысатын тұлғалар жатады. Ал біз бүгінгі күні бұл тұлғалардың бәрін өзін өзі жұмыспен қамтығандар деп атап жүрміз. Енді жаңа халықаралық стандарттар енгізілсе, олар экономикалық белсенді емес топқа жатады және статустары бойынша әлеуметтік немесе мемлекеттік қолдауды талап ете алады», - деді Т. Дүйсенова.