Қазақстан «еңбек нарығының тиімділігі» факторы бойынша 15-орында

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 2014 жылғы басты позициялары «еңбек нарығының тиімділігі» факторы бойынша 15-орында және «макроэкономикалық орта» бағытында 27-орында. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Қазақстан «еңбек нарығының тиімділігі» факторы бойынша 15-орында

Оның сөзіне қарағанда, ең әлсіз факторлар ретінде бірнеше жыл қатарынан «қаржы нарығының дамығандығы» (98-орын), «денсаулық және бастауыш білім» (96-орын), «компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі» (91-орын) болып табылады.

«Қаржы нарығының дамығандығы» факторы бойынша осал көрсеткіштеріне банктер сенімділігі (108 орын), құқықтарды қорғау индексі (96 ) еніп отыр.

«Денсаулық сақтау саласында әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда Қазақстанның «туберкулезбен ауыру» (102 орын), «туберкулездің бизнеске әсері» (111) және «орташа өмір сүру ұзақтығы» (99 орын) жайғасымдары әлсіз болып отыр. Сонымен қатар, бастауыш біліммен қамтудың төмен деңгейі сақталуда (116)», - деді Е. Досаев.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Үкімет ағымдағы жылдың 3 қыркүйегінде жарияланған Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы 2014-2015 есебін талқылаған болатын.