Қазақстан энергетикасын алдағы жылдары қандай өзгеріс күтіп тұр – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда алдағы жылдары жаңа электр станцияларын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл электр қуаты ең көп тұтынылатын уақытта туындайтын тапшылықты азайтуға мүмкіндік бермек. Энергетика саласында қандай мәселелерді шешу қажет және еліміз атом электр станциясын салуға дайын ба? Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Серік Тютебаев Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Сарапшының айтуынша, бүгінде Қазақстандағы электр станцияларының белгіленген қуаты 25 ГВт-тан асады. Ал елге қажетті қуат шамамен 18 ГВт.
– Жаңартылатын энергия көздерін есептемегенде, кемінде 23 ГВт қалады. Ал бізге қажеті – 18 ГВт. Яғни Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы жоқ. Мәселе электр қуаты ең көп тұтынылатын уақытта туындайды. Сондықтан осы кездегі қуат тапшылығын шешу қажет. Ол үшін жабдықтарды уақытылы жөндеп, жаңа электр станцияларын іске қосып, заңнаманы жетілдіру керек. Мұның бәрі қуат тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді, – деді Серік Тютебаев.
Қай өңірлерде қауіп жоғары?
Серік Тютебаев энергетика саласының қазіргі басты міндеттерінің бірі жылыту маусымын апатсыз өткізу екенін айтты. Оның сөзінше, қажетті жұмыстарға қаржы бөлінген. Алайда энергетикалық нысандардың тұрақты жұмыс істеуі үшін білікті мамандарды тарту маңызды.
Сарапшының пікірінше, әсіресе өз электр энергиясын өндіретін қуат көздері жоқ өңірлер осал болып отыр. Мұндай елді мекендерді жылумен тұрақты қамтамасыз ету де қиындық туғызады.
– Өзінің электр энергиясын өндіретін станциялары жоқ қалаларда қауіп жоғары. Мысалы, Риддер, Екібастұз, Жаңатас және басқа да елді мекендер. Онда барлық салмақ жылу көздеріне түседі. Бұл қосымша қиындықтар туғызады, – деп түсіндірді ол.
Алдағы 15 жылда энергетика саласы қалай өзгереді?
Сарапшы алдағы 10–15 жылда Қазақстан энергетикасының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылады деп есептейді. Бұған заңнаманың жетілдірілуі мен инвестиция тартудың жаңа тетіктері ықпал етпек.
Олардың қатарында «инвестицияға айырбас ретінде тариф» қағидаты, қуат нарығы және электр энергиясын бірыңғай сатып алушы жүйесі бар.
– Қазақстан энергетикасын алда алтын дәуір күтіп тұр. Бұған салада біртіндеп енгізіліп жатқан өзгерістер негіз болып отыр. «Инвестицияға айырбас ретінде тариф» қағидаты, қуат нарығы және бірыңғай сатып алушы тетігі жаңа станциялар құрылысын бастауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта Алматыдағы ЖЭО-2-де газ турбиналық қондырғыны, Түркістан электр станциясын, Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші энергоблогын іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтары салынады. Бұл жобаларды алдағы 3–5 жылда жүзеге асыру қуат тапшылығын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Жаңартылатын энергия көздері де өз үлесін қосады. Ал осы өзгерістердің ең үлкен нәтижесі атом электр станциясының салынуы болмақ, – деді Серік Тютебаев.
Дегенмен энергетика саласында шешілмеген мәселелер де бар. Сарапшы ең алдымен маман тапшылығы мен заңнамадағы кемшіліктерге назар аударды. Оның пікірінше, жаңа жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіретін мәселелерді жою үшін заңдарды үнемі жетілдіріп отыру қажет.
– Энергетика саласын үнемі дамытып отыру керек. Қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалуға болмайды. 2011 жылы «Электр энергетикасы туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Алдағы уақытта да заңнаманы жетілдіріп, саладағы тәуекелдерді азайту қажет, – деді ол.
Серік Тютебаев 2030 жылға дейін газ және көмір электр станцияларын уақытылы салудың маңызын да атап өтті. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2030 жылға қарай электр энергиясын өндірудегі газ генерациясының үлесін 15 пайызға жеткізу жөнінде міндет қойғанын еске салды.
Қазақстан АЭС салуға дайын ба?
Сарапшының айтуынша, бұған дейін жаңа энергетикалық нысандар құрылысының кешеуілдеуіне инвестицияны қайтарудың тиімді тетіктерінің болмауы себеп болған. Қазір мұндай тетіктер пайда болды. Алайда компаниялар әлі де қаржы көздерін табуы керек.
Тағы бір мәселе – елімізде энергетикалық нысандар салуға маманданған отандық ұйымдардың жетіспеуі және ірі жобаларды жүзеге асыру тәжірибесінің аздығы.
– Бізде энергетикалық нысандар салуға маманданған ірі ұйымдар жоқ. Сондықтан құрылыс жұмыстары кешігеді. Негізінен өз мамандарымыз жетіспейді, – деді Тютебаев.
Оның пікірінше, саланы дамыту үшін жаңа нысандар салумен ғана шектелмей, олардың құрылысын уақытылы аяқтап, пайдалануға беретін мамандарды да даярлау қажет.
Серік Тютебаев болашақ атом электр станциясына қажетті кадрлар мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, АЭС жабдықтарының едәуір бөлігін турбиналар мен қосалқы қондырғылар сияқты жылу-техникалық жүйелер құрайды. Олардың жұмыс істеу қағидалары дәстүрлі энергетика саласының мамандарына жақсы таныс.
– Атом электр станциясындағы жабдықтардың едәуір бөлігі жылу техникасына жатады. Онда Екібастұз электр станциясында қолданылатын турбиналарға ұқсас кәдімгі турбиналар мен қосалқы жүйелер бар. Сондықтан бұл жағынан қиындық туындамайды деп ойлаймын. Станция салынып жатқан уақытта қажетті мамандарды даярлап үлгеруге болады, – деді ол.
Ал ядролық технологиялармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау әлдеқайда күрделі міндет. Сарапшының пікірінше, бұл үшін Қазақстан атом энергетикасы дамыған елдердің, әсіресе Ресей мен Қытайдың тәжірибесін пайдалануы қажет.
Тютебаев еліміз жаңа технологияларды игеруден қорықпауы керек деп есептейді. Ол Кеңес Одағы тарағаннан кейін көптеген маман елден кетіп, Қазақстанның энергетика саласы кадр тапшылығына тап болғанын еске салды.
– Менің ойымша, қорқудың қажеті жоқ. Қазақстан энергетикасын өзіміз дамыта бастаған кезде де қолымыздан келетініне күмәнданғандар болды. Әсіресе Кеңес Одағы тарағаннан кейін көптеген маман елден кетіп қалды. Бірақ бүгінде елімізде жоғары білікті кадрлар бар. Сондықтан атом электр станцияларын салудан қорықпауымыз керек, – деп түйіндеді Серік Тютебаев.
Бұған дейін Алматыдағы №2 және №3 жылу электр орталықтарының аумағында жаңа газ электр станциялары салынып жатқаны туралы хабарлаған едік.