Қазақстан энергетикасына Қытайдың Smart Grid технологиялары енгізілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан мен Қытай электр энергетикасы саласындағы технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Қазақстан энергетикасына Қытайдың Smart Grid технологиялары енгізілуі мүмкін
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Атап айтқанда, жоғары кернеулі тұрақты ток желілерін салу, «Солтүстік – Оңтүстік» транзиттік бағытын жаңғырту, энергия жинақтау жүйелері мен Smart Grid зияткерлік желілерін енгізу мәселелері қаралды. Бұл туралы Энергетика министрлігінде China Southern Power Grid Co., Ltd. компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Цянь Чаоян бастаған делегациямен өткен жұмыс кездесуінде айтылды.

China Southern Power Grid (CSG) – электр энергиясын беру және тарату, күрделі энергетикалық жүйелерді басқару, сондай-ақ өнеркәсіптік энергия сақтау жүйелерін дамыту саласындағы әлемдік технологиялық көшбасшылардың бірі. Компания Азия, Еуропа және Латын Америкасы елдерінде жобаларды жүзеге асырып келеді.

Ерлан Ақкенженов
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Кездесу барысында жоғары кернеулі тұрақты ток желілерін салу саласында тәжірибе алмасу және техникалық консалтинг көрсету, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» транзиттік бағытын жаңғырту кезінде электр желілерін үйлестіре басқару мен диспетчерлендіру мүмкіндіктері қаралды.

Энергия жинақтау жүйелерін дамытуға және Smart Grid зияткерлік желілерін енгізуге ерекше назар аударылды. Заманауи энергия жинақтағыштарды пайдалану жаңартылатын энергия көздерінің өсіп келе жатқан көлемін энергетикалық жүйеге қауіпсіз интеграциялауға, оның икемділігін арттыруға және ұлттық энергетикалық жүйенің жалпы тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Мемлекет басшысы қойған цифрлық экономиканы дамыту және жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру міндеттері аясында кездесуге қатысушылар жасанды интеллектіні дамытуға арналған перспективалы деректерді өңдеу орталықтарын «жасыл» энергиямен қамтамасыз ету тәсілдерін қарастырды. Сондай-ақ Alatau City жаңа қаласының энергетикалық инфрақұрылымын жоспарлау кезінде қолдануға болатын заманауи шешімдер талқыланды.

 Қазақстан энергетикасына Қытайдың Smart Grid технологиялары енгізілуі мүмкін
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Келіссөздердің басым бағыттарының бірі адами капиталды дамыту және Қазақстанда инженерлік құзыреттерді қалыптастыру болды. Тараптар қазақстандық энергетик мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша ұзақ мерзімді бағдарламаларды іске қосу мәселелерін талқылады. Бұл бағдарламалар аясында техникалық семинарлар өткізу, сарапшылар алмасу және компанияның технологиялық орталықтары базасында тағылымдамадан өткізу көзделген.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған технологиялық шешімдерді егжей-тегжейлі зерделеу үшін бейінді техникалық мамандар деңгейінде сараптамалық консультацияларды жалғастыруға уағдаласты.

Осыған дейін Қазақстан мен Қытайдың энергетика саласындағы бірлескен жобаларды жеделдеткелі жатқаны туралы жаздық.