Қазақстан энергетикасына жасанды интеллект енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қытайда өткен «Бір белдеу, бір жол» энергетика жөніндегі конференциясында еліміздің энергетикалық басымдықтарын таныстырды. Күн тәртібінде мұнай мен газды терең өңдеу, жасыл энергетика және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері болды. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті.
ҚХР Мемлекеттік энергетика басқармасы ұйымдастырған және Ван Хунчжи жетекшілік еткен іс-шараға Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасының 20-дан астам елінің энергетика ведомстволарының басшылары қатысты. Олардың қатарында Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Чили және Оңтүстік Африка Республикасы бар. Сонымен қатар конференцияға БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының өкілдері мен ірі халықаралық энергетикалық корпорациялардың басшылары қатысты.
Конференция аясында Ерлан Ақкенженов Қазақстанның орнықты энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын қалыптастыру, трансұлттық жеткізу бағыттарын дамыту, теңгерімді энергетикалық көшу және инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұстанымын таныстырды. Сессиялар барысында төмен көміртекті модельге көшу, энергетикалық жүйелердің сенімділігін қамтамасыз ету және цифрлық инновацияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
— Стратегиялық әріптестігіміздің айрықша нышаны — дәл осы Астанада «Бір белдеу, бір жол» бастамасының алғаш рет жарияланып, Еуразиялық энергетикалық архитектураның берік негізінің қалануы. Бүгінде Қазақстан шамамен 100 миллион тонна мұнай және 60 миллиард текше метрден астам газ өндіруді қамтамасыз етіп, құрлықаралық құбыр жүйелерінің сенімді жұмысын қолдай отырып, Еуразияның негізгі энергетикалық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Жаңа кезеңде біз шикізатты терең өңдеуге, мұнай-газ химиясын дамытуға, жасыл генерацияны теңгерімді арттыруға және цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге басымдық береміз, — деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Пленарлық отырыстың маңызды қорытындыларының бірі — «Бір белдеу, бір жол» энергетикалық ынтымақтастық жөніндегі әріптестігінің (BREP) Басқарушы кеңесін ресми түрде құру, сондай-ақ «ЖИ + Энергетика» жұмыс тобын және бейінді талдау орталықтарының ынтымақтастық желісін іске қосу болды.
Әріптестіктің жаңа цифрлық күн тәртібі Қазақстанның отын-энергетика кешеніне жасанды интеллект технологияларын, цифрлық егіздерді және зияткерлік басқару жүйелерін енгізу жөніндегі басымдықтарымен үндеседі.
Бұдан бөлек, конференцияға қатысушылар энергетика саласындағы технологиялық жетістіктер көрмесін аралап, орнықты жасыл көшу тәжірибелері мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талдамалық баяндамамен танысты.
Қытайға жұмыс сапары аясында ҚР Энергетика министрінің Циндао қаласында ҚХР Мемлекеттік энергетика басқармасының басшысы Ван Хунчжи және әлемдік энергетикалық әрі технологиялық корпорациялардың топ-менеджментімен бірқатар екіжақты келіссөздер өткізуі жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай бірлескен энергетикалық зерттеу орталығын құратынын жаздық.