Қазақстан энергияны үнемдеуде Финляндияның тәжірибесін қолданбақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада бүгін Финляндияның энергетикалық күні өтіп жатыр. Жиында қазақстандық энергетика саласы кәсіпорындарының басшылары мен Финляндияның «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі комиссары Севери Кейняля мен финдік энергетика клубының жетекшілері бас қосты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Финляндия тарапынан Севери Кейняля «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Финляндияның павильонына бір аптада ғана 2 мың адамның келгенін хабарлады. Оның айтуынша, аталмыш павильон қос тараптың энергетикалық секторы мамандарына бас қосу үшін таптырмас орын бола алады. Кейняляның соңынан финдік энергетика клубының басқарушы директоры Эса Теппо видео арқылы финдік энергетика жүйесі қалай жұмыс атқарып тұрғанын көрсетті. Финдіктер энергетиканы қолдануда барыншы үнемдеуді жолға қоя білген.
Еуропа төріндегі елдің энергетикалық күнін атап өтудің негізгі мақсаты - финдік энергетиканы пайдаланудың моделін зерттеу. Финляндия бизнес хабтың директоры Мұхтар Манкеев осылай дейді.
Оның сөзіне сүйенсек, финдік модель энергетиканы тиімді түрде қолдануда халықаралық дәрежеде өзін мойындатып қойған.
«Қазақстан - 2050» стратегиясында әлемнің дамыған 30 елінің құрамына ену үшін дәл осы халықаралық дәрежені бағындыруды көздеп отырмыз. Сол себепті, біз алғыр мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, олардың модельдерін үйренуіміз керек. Бұл бағытта Финляндия біршама алға шығып кеткен. Бүгінгі жиында құрылғыларды өндіретін, энергияны үнемдеуді қолға алған 11 кәсіпорын Қазақстанға арнайы келіп отыр. Ал бізден энергетикалық секторда жұмыс атқаратын 4 облыстан, екі министрліктен жиыны 150 адамның келіп отырғаны қуантады. Бүгін Астана қаласының әкімдігі мен фин энергетикалық клубы өзара серіктестік жөнінде меморандуаға қол қояды», - дейді М. Манкеев.
Оның сөзіне сүйенсек, меморандумның мақсаты - энергияны үнемдейтін технологияларға қол жеткізу.
«Қайталап айтамын, финдік модель - электроэнергияны барынша үнемдеуге бағытталған. Ал бізде өздеріңіз білетіндей, электр энергиясын кейде есепсіз жұмсап жатамыз. Мұндай шығындардан финдік тарап баяғыда кетіп қалған. Ойлап қарасаңыз, екі елдің де орталықтандырылған жылу жүйесі бірдей. Бәрі де ұқсас. Бірақ шығатын шығын жағынан көрсеткіштер әртүрлі. Сондықтан біз бірлескен оқу семинарын, қазақстандық компаниялардың Финляндияға сапарын ұйымдастыруға күш салмақпыз», - деп түйді Финляндия бизнес хабтың директоры.