Қазақстан ЕО елдерімен виза алу тәртібін жеңілдету жөнінде келіссөздер жүргізуге дайын

«Еуропаның шенген аймағына тоқталар болсақ, біздің қазіргі мақсатымыз толықтай визасыз режим енгізу емес. Қазіргі келіссөздердің деңгейі бойынша біз азаматтарымыз үшін визаны жеңілдетуді көздеп отырмыз. Қазақстан Республикасының азаматтары өздерін Еуропа елдерінде виза тәртібін түгел сақтайтын азаматтар ретінде көрсеткен, яғни, олардың сапары виза алуға берген мақсатымен сәйкес келеді. Визаның уақыты аспай, елге оралады. Сондықтан, біздің келіссөздер нәтижесін береді деп ойлаймын»,-деді Сыртқы істер министрлігінің басшысы.
Бұл ретте, Е.Ыдырысов мәлім еткендей, Қазақстан бірқатар бағыт бойынша біраз жұмысты аяқтау керек. Атап айтсақ, заманауи паспорт үлгісін шығарып, тиісті заң қабылдауы керек. Оның артында, шекаралық бақылау режиміне және шекара маңындағы қылмыспен күрес мәселесіне қатысты сұрақтар шешілуі тиіс. «Бұл сұрақтар біздің назарымызда, тіпті, үкіметтік жоспарымыз бар. Ведомствоаралық топ жұмысын бастаған, сондықтан, Еуропалық одақпен келіссөз жүргізуге дайынбыз. Еуропалық одақ тиісті мандатын алу керек, сонда ғана біз ресми түрде келіссөзімізді бастай аламыз»,-деп түсіндірді Е.Ыдырысов.