Қазақстан ЕО-пен визалық режим бойынша студенттер үшін консулдық алымдарды азайтуға күш салады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ЕО-пен визалық режимді жеңілдету аясында студенттер үшін консулдық алымдарды азайтуға күш салады. Бұл туралы бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Бір жағынан Қазақстан Республикасы мен екінші жағынан Еуропалық Одақтың және оған мүше мемлекеттерінің арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.
None
None

«Қазақстан мен ЕО осы келісім аясында визалық режимді жеңілдету туралы келісімді жасауға да уағдаласты. Бұнымен қоса, Қазақстан мен ЕО арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісім де қаралуда. Бұл ретте ЕО-пен визалық диалог жанданып, оның қорытындысы бойынша ЕО Комиссиясы визалық режимді жеңілдету бойынша келісімді бастауға арнайы мандат алады», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде елімізде Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимді жеңілдетуге бағытталған шаралар қолға алына бастаған. Бұл ретте заңнамалық өзгерістер қаралып отыр. «Біз визалық режимді алып тастау туралы мәселе қойып отырған жоқпыз. Ал жеңілдетуге келсек, қазір біздің азаматтарымыз шенген визасын рәсімдеуде біраз қиыншылық көріп отырғаны белгілі. Ал жеңілдетілген тәртіп бойынша талап етіліп, сұралатын бірқатар құжаттарды қысқарту қарастырылуда», - деді Р. Василенко.

Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан мен ЕО арасындағы келісім күшіне енгеннен кейінгі келесі қадам - визалық режимді оңайлату. «Біз былтыр ЕО талаптарына сәйкес виза және көші-қон саясаты бойынша ұлттық заңнаманы үйлестіру бойынша жұмыстарды қолға алдық. Тұтастай алғанда, бұл аса күрделі процес, дегенмен ЕО процедурасынан өтуіміз керек. Бұл ретте алдымен визалық жеңілдіктерді қамтитын «visa facilitation» статусын алуға тиіспіз. Соның ішінде визалық жеңлдету шаралары негізінен сұралатын құжаттарды қысқарту мен азаматтардың белгілі бір санаттарын, балалар мен студенттерді визалық алымнан босатуды қамтиды. Қазір студенттер де, балалар да виза рәсімдеу барысында баж ретінде төлейтін консулдық алымы тым жоғары», - деді А. Мәдиев.

Оның айтуныша, visa facilitation статусынан кейін Қазақстан visa free мәртебесін иеленуге қатысты қадамдарға барады.

«Жалпы еуропалық әріптестер тарапынан бізге деген түсінісушілік бар. Қазақстанда ЕО-қа қатысты көші-қон қауіптері жоқ десе де болады. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын боламыз», - деді А. Мәдиев.

Соңғы жаңалықтар