Қазақстан Еуро-2018-дің «қоласы» үшін ресейліктермен ойнайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан құрамасы футзалдан Еуропа чемпионатының қола медальдары үшін Ресей командасымен бақ таластыратын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Матч «Арена Стожицеде» сенбі, 10 ақпан күні астана уақытымен 23:00-де басталады. Ойынды тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы көрсетеді.
Еске салайық, Ресей мен Қазақстан құрамалары осы турнир аясында бұған дейін де кездескен болатын - «В» тобындағы матч 1:1 есебімен аяқталған еді. Ресейлік футболшылардан голды Эдер Лима (2-минутта) соқса, қазақстандықтар арасынан нәтижелі соққыны Дуглас (24-минутта) жасады. Тең есеп Қазақстанға ширек финалға өтуге мүмкіндік берді.
¼ ойында Ресей Словенияны (2:0), Қазақстан Сербияны (3:1) жеңді.
Жартылай финалда ресейліктер Португалия командасына есе жіберді (2:3). Ал Какау жаттықтыратын қазақстандық футболшылар (5:5, 1:3 - пенальти бойынша) Испанияға жол берді.