Қазақстан Еуропа қайта құру банкінен су саласына қарыз алып, дұрыс игермей отыр – аудит

суға қарыз алу
Фото: pixabay

Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған 3 млрд теңге қарызға сатып алынған қондырғылар мен ғимараттар мақсатына сай қолданылып жатқан жоқ. Мәжілісте су ресурстарының басқарылу тиімділігіне жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындысын таныстырған Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы Наталья Годунова осындай дерек айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Аудит кезінде анықталғандай, Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған борыштың 8 жобасы аясында 3 млрд теңгеге сатып алынған қондырғылар мен ғимараттар мақсатына сай қолданылып отырған жоқ. Салдарынан 4 мың гектарға жуық суармалы алқап ауыл шаруашылығы айналымына түскен жоқ», - деді Н.Годунова.

Жоғары аудиторлық палата басшысы аталмыш банктен алынған борыштың мақсатына сай қолданылмай жатқанына бір мысал келтірді.

«Мұны құны 1,5 млрд теңге болатын, «Ақтөбе қаласында Ақтөбе су қоймасынан Сазды өзенінің арнасына су алу арқылы жасыл аймақ құру» жобасынан көруге болады.

Бұл қарыз суару инфрақұрылымын қалпына келтіруге бағытталған болатын. Ал іс жүзінде Ақтөбе саябақ аймағын абаттандыруға жұмсалған. Саябақ құру керек, әрине. Бірақ валютамен алынған қарыз есебінен емес шығар», - деді Наталья Годунова.

Соңғы жаңалықтар
telegram