Қазақстан Еуропа футболының орталығына айналды - Ә. Жақсыбеков
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылы Қазақстан Еуропа футболының орталығына айналды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақстан футбол федерациясының оныншы есепті конференциясында федерация президенті Әділбек Жақсыбеков айтты.
«2013 жылғы футбол маусымы Қазақстан футболының жүз жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп, соның аясында көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, өз тарихында бірінші рет УЕФА Конгресі Астанада өтіп, Қазақстан Еуропа футболының орталығына айналды, әлем елдері елордамыздағы іс-шараға куә болды. Сонымен қатар, Қарағандының «Шахтері» Қазақстан футболының тарихында тұңғыш рет Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды», - деді Ә. Жақсыбеков.
Оның айтуынша, Қазақстан ұлттық құрамасы он ресми және жолдастық кездесуді жоғары дәрежеде өткізді. Ал әйелдер ұлттық құрамасы 7 ресми ойын өткізіп, өз тобында 5-орынды иемденді. Қазақстан жастар құрамасы «Еуро-2015» іріктеу додасында сәтті өнер көрсетуде. Олар бүгінге дейін өз тобында Белоруссия, Армения және Исландия құрамаларын тізе бүктірді.
Федерация президентінің мәліметтері бойынша, жастар және бұқара халық арасында футболды кеңінен насихаттау шаралары да сәтті жалғасуда.
«Бүгінде елімізде 13 футбол орталығы жұмыстарын жүргізуде. Оның екеуі биыл ашылды (Қызылорда және Семей). Болашақта еліміздің барлық аймағын футбол орталықтарымен қамту ісі жоспарланған. 2013 жылғы футбол маусымында әуесқой командалар арасында ел кубогы және Қазақстан біріншілігі ұйымдастырылды», - деді Ә. Жақсыбеков.
Оның айтуынша, сондай-ақ, ардагерлер арасындағы чемпионат және шағын футбол мен студенттер футболы біріншіліктері өтті. ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе Қазақстан футбол федерациясы 2014 жылдың мамырынан бастап Студенттер Ұлттық Лигасын қолға алды. Бұл лига еліміздің барлық аймақтарын қамтуды мақсатқа алған. Бұлардан бөлек, 2013/2014 жылғы футбол маусымында 21 жасқа дейінгі дайындық топтары арасында Қазақстан чемпионаты өткізілді.
Айта кетейік, аталмыш шараға аймақтық футбол федерацияларының өкілдері, ҚФФ Атқару комитетінің мүшелері, сондай-ақ Премьер-лига және Бірінші лига футбол клубтарының өкілдері қатысты.