Қазақстан Еуропа мен Кавказдың теңіз порттарынан терминалдар сатып алмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Еуропа мен Кавказдың теңіз порттарынан терминалдар сатып алмақ. Бұл туралы Теміржолдар ынтымақтастығы ұйымы конференциясының 40-отырысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов айтты.

Порт Курык, терминал «Саржа», Каспий
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, көлік тораптарының тоғысында орналасқан Қазақстан әрдайым Шығыс пен Батысты байланыстыратын сенімді буын болып келеді.

– Біз Қытайдың шығыс жағалауынан Еуропаға дейінгі тиімді логистикалық тік жүйені қалыптастырып жатырмыз. Оның ішінде Кавказ елдері арқылы Оңтүстік Еуропаға өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағыты бар. «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасы аясында инфрақұрылымдық жоспарларымызды көршілермен үйлестіріп, қуатты синергетикалық әсерге қол жеткізіп отырмыз. Үздіксіз логистиканы қамтамасыз ету үшін сыртқы терминалдар желісін кезең-кезеңімен кеңейтудеміз, – деді Талғат Алдыбергенов.

Талғат Алдыбергенов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

ҚТЖ басшысының дерегінше, 2014 жылдан бері мынадай Қазақстан-Қытай жобалары жүзеге асырылды:

• Ляньюньган порты – онда Оңтүстік-Шығыс Азиядан келетін жүктер шоғырландырылады;

• Қорғас – Шығыс қақпасы құрғақ порты (Алтынкөл станциясы) – Қытаймен шекарадағы ең ірі логистикалық хаб;

• Сиань құрғақ порты – Еуропа бағытына жөнелтілетін контейнерлік пойыздардың шамамен 40 пайызы осы жерде жасақталады.

Осы инфрақұрылымдардың арқасында Сиань – Поти бағыты бойынша жеткізу мерзімі рекордтық 15-18 тәулікке дейін қысқарды. Келесі мақсат – бұл көрсеткішті 10–12 күнге дейін төмендету. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен бірлескен жобалар да жүзеге асырылып жатыр.

– Табысты мысал ретінде Бірлескен көлік-логистикалық компания – Еуразиялық теміржол альянсы жобасын айтуға болады. Бұл – географиядан синергияның басым түскенінің айқын дәлелі. Соның арқасында Азия мен Еуропа арасындағы ең қысқа бағыт қалыптасты. Қазір бұл тек маршрут емес, әлемдік эталон: жол жүру уақыты 12–14 тәулік. 12 жыл ішінде тасымал көлемі алғашқы жылмен салыстырғанда 100 еседен астам өсті, – деді ҚТЖ басшысы.

Сонымен қатар ол Еуропа мен Кавказдағы теңіз порттарында терминалдық қуаттарды сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

– Біздің мақсатымыз – тек активтерге иелік ету емес, Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарын байланыстыратын бірыңғай көлік қаңқасын қалыптастыру, – деп атап өтті Талғат Алдыбергенов.

Айта кетейік, еліміз 2023 жылға қарай транзт көлемін жылына 100 млн тонна жеткізуді жоспарлап отыр.