Қазақстан Еуропаның бірқатар елдерімен қылмыстық-құқықтық саладағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасасады - А. Дауылбаев

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Таяу аралықта Қазақстан Чехия және басқа да еуропалық елдермен қылмыстық-құқықтық саладағы ынтымақтастық туралы келісімдердің толық топтамасын жасайды.

Қазақстан Еуропаның бірқатар елдерімен қылмыстық-құқықтық саладағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасасады - А. Дауылбаев

Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР-дағы қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, есірткі заттарының заңсыз айналымының жағдайы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары тақырыбына қатысты құқық қорғау органдары басшыларымен өткізіп жатқан кеңесінде ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев осылай деді.

«Жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету үшін қашқын қылмыскерлерді экстрадициялау және сотқа беру зор маңызға ие», - деді ол.

А.Дауылбаевтың атап өтуінше, бұл салада елімізде еуропалық мемлекеттермен арада қиындықтар бар. Дегенмен де Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың беделінің әрі Қазақстанның танымалдығы арқасында Испаниямен қылмыстық-құқықтық саладағы ытымақтастық туралы келісімнің толық топтамасына қол қойылған. «Таяу аралықта біз осындай келісімдерді Чехиямен және басқа да еуропалық елдермен жасасамыз», - деді Бас прокурор.

Сонымен қатар оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Португалия, Румыния және Болгария мемлекеттерімен қылмыскерлерді экстрадицилау мәселесінде ілгерушілікке қол жеткізген.