«Қазақстан - Еуропаның болашағы ма?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қаңтардың 7-сі. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қаңтардың 7-сі, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, мемлекетіміздің ақшасы - теңге үшін жаңа валюталық дәліз жасалмақ көрінеді. Оның орнатылу және қолданыста болу мерзімі 2010 жылғы ақпанның 5-і және 2011 жылғы наурыздың 20-сы аралығымен шектелмек. Бұл жайында «Экономика» газетінің бүгінгі санында жарияланған «Теңгеге енді көбірек еркіндік берілмекші» атты мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. Басылымның жазуынша, беделді Гэллап институты жүргізген сауалнама нәтижелеріне қарағанда, Қазақстан азаматтарының 41 пайызы жергілікті валютаны, яғни теңгені, 12 пайызы долларды және тағы да 12 пайызы еуроны ақша салып сақтауға ең пайдалы және қауіпсіз деп есептейтін көрінеді.

Бейсенбі күні жарық көрген «Экономика» басылымы «Биылғы 2010 жылдың да оңай жыл болмайтыны белгілі. Өткен жылы қолға алынған бағдарламалар, жоба-жоспарлар осы жылы да жалғасын таппақшы. Отандық экономика өнеркәсіп өнімділігін төмендетпеуге, шағын және орта кәсіпкерлікті жандандыруға, банктердің белсенді әрекетін дамытуға жұмыс істеуі тиіс. Сонымен, 2010 жыл экономикада қандай жыл болмақ», дей келе еліміздің білікті экономист мамандарының пікірін беріпті. Мәселен, академик Оразәлі Сәбден «Ұлттық экономикамыздың негізгі түйткілі - әлі күнге дейін біздің еліміздің шикізат қорының экспортына тәуелділігі. Соңғы жылдары елімізде өндірісті әр тараптандыру бағыты таңдап алынды. Инновация енгізу, қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту, қызмет көрсету, көлік саласын дамытуға бет бұра бастадық. Дейтұрғанмен, экономикадағы аса маңызды сала, басты рольдегі «кейіпкер» мұнай-газ және металл, содан кейін астық экспорты екені өтірік емес. Әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан қазақстандық шикізат экспортына сұраныс азайды әрі экспортқа шығарып отырған шикізаттың әлемдік бағасы құлдырады», деген пікір білдірген.

«Егемен ел тарихын байсалды да байыпты қадаммен аттаған Барыс жылы экономикамыз бен әлеуметтік өміріміздегі оң өзгерістерді одан әрі тереңдетіп, жаңа бастамалар мен бағдарламаларға жол ашпақшы. Халық шаруашылығын соны соқпақ - индустрияландыру және әртараптандыру жолына бағыттай отырып, Үкімет қордаланып қалған проблемалар түйінін шешуге ұмтылып отыр. Бұл орайда Елбасымыздың ұсынысы бойынша үстіміздегі жылғы қаңтардан бастап өмірге жолдама алғалы отырған Кедендік одақтың көтерер жүгі қомақты», деп жазады «Экономика» газеті. Аталған мақала басылымның бүгінгі санында «Барыс жылы - табыс жылы болмақ» деген тақырыппен жарияланған.

«Қаңтар айының басында Францияның сыртқы саяси және сараптамалық журналдарының бірі «L'Essentiel des relations internationales» «Қазақстан - Еуропаның болашағы ма?» деген тақырыппен Қазақстан туралы 100 беттік әсерлі репортаж жариялады. Оның сыртқы мұқабасында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті мен «Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ басшылығында» деген жазу бар», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Басылым аталған журналда жарық көрген мақаладан үзінді келтірген. Онда «2010 жыл Қазақстан жылы болмақ. Еуразиядан және бұрынғы Кеңес Одағынан осындай мәртебеге ең бірінші ие болған бұл ел жыл бойы Еуропадағы қауіпсіздік және ынқтымақтастық ұйымына басшылық жасайды. Бұл билік басында 20 жылға жуық болған өздерінің Президенті қалыптастырған үлгілі мемлекет қақтығыстарды реттеу мәселелерінде ойланып-толғану үшін еуропалықтарға «азық» бере алады», делінген.

Репортажда Қазақстан тіршілігінің барлық саласы қамтылған, дегенмен сыртқы саясатына, ЕҚЫҰ-ға төрағалығына энергетика мен ауыл шаруашылығын қоса отырып экономикалық дамуына ерекше көңіл аударған. Онда тәуелсіз Қазақстанның даму тарихына кеңінен талдама жасалған. Журналда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен, Конституциялық кеңестің төрағасы Игор Роговпен, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановпен, Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновпен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау миинстрі Гүлшара Әбдіхалықовамен және басқа да еліміздің саяси қайраткерлерімен арадағы сұхбаттар жарияланған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың православиелік христиандарды және барша қазақстандықтарды жарқын мейрам - Рождество мерекесімен құттықтауы «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санында жарық көрді. Мемлекет басшысының құттықтауында «Қазақстанда православие ең көп тараған конфессияның бірі болып табылады. Орыс право­славие шір­кеуі мемлекет пен діни бірлестік­тер­дің арасында оң қарым-қаты­нас­тардың дамуына, қоғамымызда бейбітшілік пен келісімнің ны­ғаюы­на үлкен үлес қосып келеді. Бұл терең құрмет­ке және қадір­леу­шілікке лайық. Бізде Рождествоның Құрбан айтпен бірге демалыс күні болып жарияланғаны кез­дейсоқтық емес. Православие дінбасылары мен дін өкілдері өз қызметтері мен сенімдері аясында өзге де барлық конфессия өкілдерімен бірге еліміздің дамуына, оның ырыс-бай­лығының артуына рухани үлес қо­сып, төзімділік пен түсіністік та­ны­туда. Орыс православие шіркеуі - елімізде өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі­не белсенді қатысушы», делінген.

Соңғы жаңалықтар