Қазақстан Еуропаның екі елімен азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек шартын бекітпек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазіргі күні Италия және Хорватиямен азаматтық істер бойынша өзара шарт жасасу бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бұл туралы Әділет вице-министрі Ботагөз Жакселекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Еуропаның екі елімен азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек шартын бекітпек

«Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері құқықтық көмек көрсету саласындағы өзара іс-қимылды реттеу мақсатында барлық елдермен қарым-қатынас орнатып келеді. Азаматтық және құқықтық сот ісін жүргізу саласында құқықтық қатынастар орнатуда келісімге келетін елдердің саны арта түсті. Келісім негізінен ТМД және Азия елдерімен жасалған. Бірақ, Еуропа елдерімен мұндай шарттар іс жүзінде жоқ. Мысалы, қылмыстық істер бойынша Франция, Италия, Болгария, Монако, Солтүстік Македония және тағы басқа елдермен келісім ратификацияланған. Ал, азаматтық істер бойынша неге олармен келісім жасалмаған? Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?» - деп сұрады Сенат отырысында депутат Жанна Асанова.

Сауалға Әділет вице-министрі Ботагөз Жакселекова жауап берді.

«Иә, бүгінде Еуропа елдерімен азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету шарттары жасалмаған. Өйткені, Еуропа елдері шарт жасасуға ниет танытпай отыр. Дегенмен, біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып жатырмыз. Айтар болсақ, қазіргі күні Италия және Хорватиямен тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, біздің ел Гаага конвенциясына сәйкес, жеке құқық бойынша қатысушы. Оның құрамына 82 мемлекет және Еуроодақ елдері кіреді. Осы орайда, азаматтық және қылмыстық істер бойынша көмек Гаага конвенциясының аясында жүзеге асырылады», - дейді Әділет министрінің орынбасары.

Айта кетсек, бүгін Сенатта Қазақстан мен Қырғыз Республикасының өзара құқықтық көмек көрсету шарт ратификацияланды.