Қазақстан Фарер аралдарының футболшыларын ұтты

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан құрамасы 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындарында алғашұы үш ұпайға қол жеткізді, деп хабарлады Vesti.kz.

Қазақстан Фарер аралдарының футболшыларын ұтты

Астанада өткен Фарер аралдарына қарсы матчта алаң қожайындары белсенді ойнады. Фарер қақпасына біздің ойыншыларымыз бірнеше рет қауіп төндірді, бірақ та доп соғудың сәті түспеді.

Ал Фарер аралдары ойыншылары алаңның бөтен жартысына сирек шықты. Бірақ та осындай шабуылдардың бірінде олар 22-минутта Қазақстан қорғанысының қателерін дәп басып, Фроуди Беньяминсен доп соқты. Қазақстандықтар үзіліске дейін қарымта қайыра алмады.

Екінші таймда ойын өрнегі өзгерді. Қазақстандықтар Фарер қақпасына жиі шабуылдап, тықсыра бастады. 51-ші минутта пенальтиде Қайрат Нұрдәулетов допты қонақтар қақпасына енгізді. Бұдан кейін 65-ші минутте Андрей Финонченко қақпаны «алды» - есеп - 2:1.

Бұдан кейін де қазақстандықтар қақпаға доп соғуға мүмкіндіктерді орнымен пайдалана алмады. Сонымен ойын 2:1 есебімен Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды. Енді Беранектің компндасының есебінде 4 балл бар. Қазақстан бесінші орнын сақтап қалып, Фарер ойыншыларын кестенің соңына ысырды. Іріктеу циклындағы келесі матчты Қазақстан 10 қыркүйекте Астанада Швециямен өткізеді.